Әлеумет

"Ешкім жоқта үйге әкелген": қызы әкесінің сұмдық құпиясын біліп қойған

Құқық қорғаушы Ләззат Рақышеваға әкесінің басқа әйелмен кездесіп жүргенін біліп қойған қыздан хат келген. Ол анасына шындықты айтуға батпай жүргенін, әкесінің әрекетінен кейін отбасының болашағына алаңдайтынын жазған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Хат авторының айтуынша, ол анасы мен бауырларымен бірге басқа қалаға демалысқа кеткен кезде әкесі үйіне басқа әйелді әкелген. Кейін әкесінің телефонынан әлгі әйелмен жазысқан хабарламаларын көріп қойған. Қыздың сөзінше, әкесі хаттарды үнемі өшіріп, әйелдің нөмірін жұмыстағы ер адамның атымен сақтап қойған.

«Перепискасын көріп, бәрін түсіріп алдым. Анама айтуға батылым жетпей жүр. Айтсам да, ол бала үшін деп 25 жылдық шаңырағын шайқалтпайды. Себебі өзінің әңгімелерінен білемін. "Ат айналып қазығын табады", "әкесіз өспесін" деген сөздерді жиі айтатын», – деп жазған ол.

Қыздың айтуынша, анасы мен әкесі 25 жылдан бері бірге тұрады. Отбасында кішкентай балалар бар. Сондықтан ол анасының бұл жағдайды қалай қабылдайтынын және шындықты білгеннен кейін қандай шешім шығаратынын ойлап, екіұдай күйде жүр.

«Бауырларым дымсыз қалмай ма деп қорқамын»

Хат авторын алаңдатқан тағы бір мәселе – отбасының материалдық жағдайы. Оның сөзінше, отбасының жеке үйі, екі пәтері және үш көлігі бар. Қазір қаржылық қиындық көрмегенімен, әкесі ертең басқа әйелмен кетіп қалса, анасы мен бауырларының жағдайы не болатынынан қорқады.

«Ертеңгі күні ана әйелмен кетсе, бауырларым дымсыз қалмай ма деген қорқынышым бар. Олар енді өсіп келе жатыр. Ер адамдардың отбасын тастап, балаларын ештеңесіз қалдырып жатқанын көріп, естіп жүрмін. Сол себепті әкеме барлық мүлікті балаларының атына сыйға тарту шартымен рәсімдеп беруін талап еткім келеді», – дейді ол.

Қыз әлгі әйелдің кім екенін анықтау үшін телефон нөмірі арқылы жеке мәліметтерін іздестіргенін де жасырмаған. Алайда онымен байланысуға немесе отбасылық жағдайға араласуға ниеті жоқ екенін айтады. Оның басты мәселесі – әкесімен қарым-қатынасы және анасы мен бауырларының болашағы.

«Әкемді сыйлап жүре беруім керек пе?»

Хат авторы әкесінің әрекетінен кейін оған деген көзқарасы өзгергенін айтады. Бір жағынан, әкесін бұрынғыдай сыйлағысы келеді, екінші жағынан, болған жағдайды қабылдау қиын. Сонымен бірге анасына айту арқылы бауырларының қалыптасқан өмірін бұзып аламын ба деп қауіптенеді.

«Олардың шаңырағына араласқым келмейді, өздері шешеді. Бірақ мендегі мәселе әкеммен болып тұр. Дым білмегендей жүре бергенім дұрыс па, әлде анама айтқаным дұрыс па? Бұндай жағдайға бірінші рет тап болғаннан кейін қатты қабылдап жатырмын ба деген ой да мазалайды», – деп жазған ол.