Германияның 34 қаласында жастар наразылыққа шықты: шеру кезінде тәртіпсіздік болды
Германияда жастардың жаппай наразылық акциялары тәртіпсіздікке ұласты. 31 қазанда елдің 34 қаласында өткен шерулерге қатысушылар білім беру саласын жақсартуды, әлеуметтік шығындарды арттыруды және міндетті әскери қызмет енгізу жоспарынан бас тартуды талап етті. Франкфурт қаласында акция кезінде дүкендер тоналып, төтенше қызмет өкілдеріне шабуыл жасалды. Бұл туралы buginmedia.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Наразылық қалай басталды?
Акцияны «Gen Z regelt» қозғалысы ұйымдастырған. Атауы «Z буыны тізгінді өз қолына алады» деген мағынаны білдіреді. Наразылық шаралары Берлин, Мюнхен, Франкфурт және Германияның басқа да ірі қалаларында өтті.
Шерулердің басым бөлігі бейбіт сипатта болғанымен, Франкфуртте жағдай ушығып кеткен. Reuters мәліметінше, тәртіпсіздікке қатысушылар кемінде екі дүкенді тонап, бірнеше сауда нысанын бүлдірген. Дүкендердің витриналары сындырылып, төтенше қызмет өкілдеріне шабуыл жасалған.
Франкфурт полициясы қала тұрғындары мен қонақтарына орталық ауданнан аулақ жүруге шақырған.
«Қала орталығындағы бірнеше дүкеннің витриналары сындырылды. Төтенше қызмет қызметкерлеріне де молотов коктейльдерін лақтырып жатыр», – деп мәлімдеді полиция.
Гамбургте де тәртіпсіздік тіркеліп, бірнеше баррикада өртелген.
Қанша адам наразылыққа қатысты?
Ұйымдастырушылар шеруге шамамен 182 мың адам қатысады деп күткен. Алайда нақты қатысушылар саны болжамнан аз болды.
Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, Берлин, Мюнхен және Франкфурт қалаларындағы акцияларға жалпы саны 18 мыңға жуық адам шыққан. Ұйымдастырушылар бұл үш қалада 36 мыңға жуық қатысушы болады деп жоспарлаған.
Германия билігі шерулердің көпшілігі елеулі оқиғаларсыз өткенін хабарлады. Сонымен бірге жаппай наразылықтарды экстремистік топтар өз мақсаттарына пайдалануға тырысуы мүмкін екенін ескертті.
Берлиндегі Курфюрстендамм сауда көшесіндегі кейбір кәсіпкерлер дүкендерін алдын ала жауып, витриналарын қорғаныш панельдерімен бекіткен.
Жастар биліктен не талап етеді?
Наразылыққа шыққандардың негізгі талаптары өмір сүру құнының өсуіне, білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы мәселелерге және міндетті әскери қызмет енгізу жоспарына қатысты.
Gen Z regelt қозғалысының өкілі Лина Фридрих жастар өзгерістерге бейбіт жолмен қол жеткізгісі келетінін айтты.
«Біз бүгін соғыс пен мәжбүрлеу үшін емес, бейбітшілік пен бостандық үшін күресу мақсатында жиналдық», – деді ол Берлиндегі митинг кезінде.
Оның сөзінше, билік білім беру мен медицинаға көбірек қаржы бөліп, ұрпақтар арасындағы қаржылық жүктемені әділ бөлуі керек.
Наразылыққа қатысқан 18 жастағы Стив есімді жас Германия канцлері Фридрих Мерцтің саясатын сынға алды.
«Үкімет біздің мәселелерімізге назар аударудың орнына шығындарды қысқартып, мойнымызға жаңа міндеттер жүктеуді жалғастырып жатыр», – деді ол.
Жас жігіт билік олардың талаптарына құлақ аспайынша, наразылық акцияларын жалғастыра беретіндерін мәлімдеді.
Наразылықты кімдер ұйымдастырған?
Германияда қозғалыстың шынымен жастар бастамасы екеніне қатысты да сұрақтар туындаған. Акцияларды ұйымдастыруға түрлі саяси және қоғамдық бірлестіктер қатысқан.
Германия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, наразылыққа ультрасолшыл экстремистік топтар мен шетелдік радикалды ұйымдармен байланысы бар қозғалыстар да қосылуға тырысқан.
Ал Германия мектеп оқушыларының ұлттық бірлестігі (BSK) бұл науқаннан алшақтап, 20 қарашада жеке акция өткізетінін жариялаған. Кейбір студенттер университеттердегі мәселелерге байланысты наразылыққа шыққан.
Неліктен жастар наразылығы күшейді?
Германия соңғы уақытта экономикалық өсімнің баяулауы және әлеуметтік жүйеге түсетін салмақтың артуы сияқты мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Аға буын өкілдерінің зейнетке шығуына байланысты еңбекке қабілетті халық саны азайып, мемлекеттік шығындарды бөлу мәселесі қоғамда пікірталас тудырған.
Осындай жағдайда жастар үкіметтен өздерінің болашағына, қолжетімді білімге және әлеуметтік қолдауға көбірек көңіл бөлуді талап етіп отыр.
2026 жылы жастардың осындай наразылық акциялары Еуропаның Сербия мен Франция сияқты басқа елдерінде де өткен.