Шымкентте 18 жастағы қызды зорлаған еркек жазадан құтылып кетті
Шымкентте боди-массаж орталығында зорлық-зомбылыққа ұшыраған 18 жастағы қызға қатысты істің апелляциялық сот отырысы өтті. Алайда жәбірленуші тарап сот шешімімен келіспей, енді кассациялық сотқа шағым түсіруге дайындалып жатыр. Бұл туралы Ләззат Рақышева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Естеріңізге сала кетейік, 18 жастағы қыз Шымкент қаласындағы боди-массаж орталығында зорлық-зомбылыққа ұшыраған болатын.
Оның айтуынша, іс бойынша бірқатар дәлел ұсынылғанына қарамастан, апелляциялық сотта әділ шешім шықпаған.
«Бұл іс бойынша бірқатар дәлелдер бола тұра, өкінішке қарай, апелляциялық сотта жеңіліс таптық. Әділ шешім шықпады. Алайда біз мұнымен тоқтамаймыз. Енді кассациялық сотқа шағым түсіруге дайындалып жатырмыз. Бізге керегі – әділдік! Жәбірленушінің құқығы толық қорғалуы тиіс», – деп жазды ол.
Боди-массаж орталықтарының қызметіне бақылау қажет
Ләззат Рақышева осы оқиғадан кейін Қазақстандағы боди-массаж орталықтарының қызметіне қатысты мәселе көтерді. Ол Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен мұндай орындардың жұмысына назар аударуды сұрады.
Оның пікірінше, елде қанша боди-массаж орталығы жұмыс істейтіні, олардың қызметі қаншалықты заңды екені және мұндай орындарда қыздардың қауіпсіздігі мен құқықтары қалай қорғалатыны тексерілуі керек.
Сондай-ақ заңсыз қызмет көрсететін, адамдарды қанауға және зорлық-зомбылыққа жол беретін орталықтарды анықтап, олардың жұмысын заң аясында тоқтатуға шақырды.
Мәлімдеме соңында ол Шымкент тұрғындары мен белсенділерінен қаладағы боди-массаж орталықтары туралы білетін ақпараттарымен бөлісуді өтінген.