Көкшетауда облыстық соттың ішкі қауіпсіздік қызметкері өлі табылды
Көкшетауда Ақмола облыстық сотының ішкі қауіпсіздік қызметкері өлі күйінде табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін. Бұл туралы region03.kz жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ақмола облысының полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«Өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – деп хабарлады Ақмола облысының полиция департаменті.
Бұл – соңғы бір жарым ай ішінде Көкшетауда сот жүйесі қызметкерінің қаза болуына қатысты екінші жағдай.
Кейбір ақпараттық пабликтердің мәліметінше, шамамен бір жарым ай бұрын Дүйсековтің мәйітін дәл қазір өзі де өлі күйінде табылған сот қызметкері тауып алған.
Бұған дейін Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің 27 жастағы басшысы Аян Дүйсековтің қайтыс болғаны туралы хабарланған еді.
Марқұмның отбасы оның соңғы айларда жұмыс орнында моральдық-психологиялық қысымға тап болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Сондай-ақ туыстары оқиғаның мән-жайын тексеруді талап еткен.
Nege.kz басылымының жазуынша, туыстарының айтуынша, Дүйсековке қатысты әділетсіз тәртіптік жаза қолданылған. Бұған қоса, оны қызметтік пәтерден шығару мәселесі де көтерілген.
Ақмола облысының полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған.
«Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – деп мәлімдеген ведомство.
Қазіргі уақытта екі оқиғаның арасында байланыс бар-жоғы туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.