Әлеумет

Қайрат Сатыбалдыдан қайтарылған DoubleTree by Hilton қонақүйі 12,4 млрд теңгеге сатылды

Қайрат Сатыбалдыдан мемлекетке қайтарылған Алматыдағы DoubleTree by Hilton қонақүйі үшінші аукционда 12,4 млрд теңгеге сатылды. Бастапқыда 38,3 млрд теңгеге бағаланған нысан үш есеге жуық арзанға өтті, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік департаментінің балансында болған қонақүй Алматы қаласының орталығында орналасқан. Аукцион жеңімпазы сатып алуға қатысу үшін 1,9 млрд теңге кепіл жарнасын төлеген.

Бұған дейін қыркүйек және қазан айларында өткізілген екі аукцион сатып алушылардың болмауына байланысты өтпей қалған. Үшінші сауда-саттық бағаны төмендету әдісімен ұйымдастырылды. Нысанның бастапқы бағасы 38,28 млрд теңге болып белгіленіп, ең төменгі шекті баға 8,93 млрд теңгені құрады.

Жалпы ауданы 16,2 мың шаршы метр болатын 11 қабатты ғимаратта 112 қонақүй нөмірі, мейрамхана, бассейн, SPA-орталық, фитнес-зал және банкет залы бар.

Алайда сатып алушыға тек ғимараттың өзі ғана беріледі. Бағалау есебінде көрсетілген жиһаздар мен басқа да жылжымалы мүлік, тауар белгісі, фирмалық атауы, коммерциялық белгісі, зияткерлік меншік нысандарын пайдалану құқығы және франчайзинг шарты сатылымға кірмейді. Бұл мүліктер қонақүйдің бағалау құнына енгізілмеген.

Сондай-ақ қонақүй орналасқан жер ортақ пайдаланылатын аумақ болғандықтан, ол да сатылмайды.

Еске салайық, Қайрат Сатыбалды қонақүйді 2023 жылы мемлекетке өз еркімен қайтарған. Сол жылы нысан Мемлекеттік мүлік департаментінің балансына өткен.

Бұған дейін Сатыбалдыдан мемлекетке қайтарылған Байсат базары да бірнеше рет аукционға шығарылып, бастапқы құнынан төмен бағаға сатылған еді. Оны «Integra Construction KZ» компаниясының бақылау кеңесінің төрағасы, Todini Costruzioni Generali SpA директорлар кеңесінің мүшесі Күдрәт Шамиев сатып алған. Ол ERG компаниясының жаңа акционері Шахмұрат Мүтәліптің серіктесі ретінде де белгілі.