Әлеумет

Қайрат Мақсұтов қызметінен кеткен соң «Самұрық-Энергоға» жаңа басшы тағайындалды

Аңсар Айдаров «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Нұрлан Жақыпов компания ұжымына жаңа басшыны таныстырып, жұмыс кеңесін өткізді. Кеңес барысында ол негізгі инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімдерін қатаң сақтау қажеттігін атап өтіп, электр станцияларының уақтылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді талап етті.

Аңсар Айдаров «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Бұған дейін «Энергия Семиречья» ЖШС бас директоры, «Самұрық-Энерго» АҚ Жобалық кеңсесінің басшысы және инвестициялар жөніндегі бас директоры қызметтерін атқарған.

Бұған дейін Қайрат Мақсұтов «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы қызметінен стратегиялық инвестициялық жобалардың баяу жүзеге асуы және жаңа энергетикалық нысандардың құрылыс мерзімдерін бақылаудың жеткіліксіздігі үшін босатылғаны белгілі болды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі 2026 жылғы 28 қазанда хабарлады.

Олжас Бектенов не деді?

29 қазанда Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мақсұтовқа бұл мәселелер бойынша бірнеше рет ескерту жасалғанын, алайда тиісті қорытынды шығармағанын айтты.

«Оған бірнеше рет ескерту жасалды, бірақ ол тиісті қорытынды шығармады. Сондықтан, Президент тарапынан қатаң сын айтылды, содан кейін тиісті шешім қабылданды», – деді Олжас Бектенов.