Әлеумет

«Қараңғылықтың ішінен тірі шыққан адаммын»: Исматулла Мақсұмға қатысты сұмдық дерек шықты

Қазақстанда Исматулла Мақсұмға қатысты дау өршіп жатқан тұста оның туысы Хауа есімді әйел әлеуметтік желіде өз басынан өткен оқиғамен бөлісті, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оның айтуынша, Исматулла Мақсұм – әкесінің өгей ағасы. Хауа әкесі қайтыс болғаннан кейін 16 жасында Исматулланың жамағатындағы ер адамға күштеп тұрмысқа берілгенін мәлімдеді.

Әйелдің сөзінше, ол кезде әлі кәмелетке толмаған және бұл некеге өз еркімен келіспеген. Кейін отбасылық өмірінде зорлық-зомбылық пен қорлық көргенін, тіпті өзіне қол жұмсауға әрекеттенгенін айтады.

«Мен ол кезде әлі бала едім ғой. Ол адамды жақсы көрген жоқпын, өзім таңдаған жоқпын. Менің қалауымды ешкім сұрамады», – деп жазды ол.

Хауаның айтуынша, бұрынғы күйеуі оны бірнеше рет ұрып-соғып, балағаттап, өлтіремін деп қорқытқан. Ақыры ол ажырасуға мәжбүр болған. Алайда ажырасқаннан кейін де қысым тоқтамағанын айтады. Оның сөзінше, сол ортада әйелдердің пікірі мен таңдауына мән берілмеген.

Сондай-ақ ол басынан өткен жағдай туралы бұрын да айтқанын, бірақ Исматулла Мақсұмның қорқытуынан оның есімін ашық атамағанын жеткізді.

«Ол шал мені қорқытатын. "Айтпа, үндеме" дейтін. "Сенің туыстарыңның туғандарына қолымнан келгенін жасай аламын, Қазақстанда менің сөзім өтеді" дейтін», – деп жазды Хауа.

Қазір әйелдің айтуынша, ол АҚШ-та тұрады. Отбасы, жұмысы және жеке кәсібі бар. Алайда өткен өміріндегі оқиғаларды ұмытпағанын атап өтті.

«Мен Исматулла қалыптастырған қараңғылықтың ішінен тірі шыққан адаммын. Мен ешкімнен аяушылық сұрап отырған жоқпын. Басымнан өткен шындықты айтып отырмын. Менің балалық шағымды тартып алды. Бірақ қалған өмірімді тартып ала алмады!» – деп жазды ол.