Әлеумет

Әкесі қайтыс болған соң туыстары анасы мен қызын өз үйлерін қуып шыққан

Құқық қорғаушы Ләззат Рақышева әлеуметтік желідегі парақшасында әкесі қайтыс болғаннан кейін анасы мен баласын туған әпкесі және туыстары өз үйлерінен қуылып жатқанын жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Ол бұл жағдайды әйелдер мен балалардың құқығына қатысты мәселе ретінде көтеріп, әйелдерді баспана мен мүлікке қатысты құқықтарын алдын ала заңдастыруға шақырды.

«Егер сіз тұрып жатқан үй енеңіздің не қайын жұртыңыздың атына рәсімделген болса, бұл мәселеге бейжай қарамаңыз. Өмірде не боларын ешкім білмейді. Ертең күйеуіңізден айырылып қалсаңыз, балаларыңызбен баспанасыз қалу қаупі болуы мүмкін. Сондықтан күйеуіңізбен көзі тірісінде-ақ мүлік мәселесін талқылап, өз құқықтарыңызды заңды түрде қорғау жолдарын қарастырыңыздар. Қажет болса, заңгерден кеңес алыңыздар. Бұл сенімсіздік емес, өзіңіздің және балаларыңыздың болашағына деген жауапкершілік!» – деп жазды ол.

Сондай-ақ, бойжеткен өзінің жалғыз бала екенін де айтады.

«Әкемнің қайтқанына қырық күн болмай жатып, әкемнің анасы мен туыстары анам екеумізді үйден қуып шықты. Мен әкемнің жалғыз ұрпағымын, басқа баласы жоқ. Неге біз көшеде қаңғып жүруіміз керек? Анам әлі күнге дейін әкемді жоқтап, жылап жүр», — дейді ол.