"2 жыл жүрген қызымды үйленуге бір апта қалғанда алып қашып кетті": жігіт кейін не болғанын айтты
Ләззат Рақышева әлеуметтік желіде екі жыл кездесіп жүрген сүйіктісін үйлену тойына бір апта қалғанда алып қашып кеткен жігіттің оқиғасын бөлісті, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Жазба авторының айтуынша, жастардың ата-аналары бір-бірін таныған, екі жақ та тойға дайындалып жатқан. Алайда қыз түнгі ауысымнан жұмыстан шыққан кезде, оны күштеп көлікке отырғызып, алып кеткен.
«Маған бір жігіт жүгіріп келіп айтқан еді. Ұйықтап жатқанмын. Атып тұрып, жылдам киініп, жалаңаяқ жүгірдім. Таппаған соң жынданып, беталды жүгіре бердім. Аяғым қанап кеткен», – деп жазды ол.
Арада бір апта өткенде қыз жігіттің зауыттағы жұмыс орнына келген. Жазба авторы оны көрген сәтте өкпелеп, бірден тіл қатпағанын айтады. Ал қыз оны құшақтап, жылап жіберген.
«Мен үш күн көнбей қойдым! “Неге тауып келмедің?” деді. Сол кезде ғана мен де құшақтадым. Көзімнен жас шығып кетті. Біраз тұрып қалдық», – дейді ол.
Кейін қыз жігіттен шығарып салуын сұрап, жатақханаға барып заттарын алған. Жігіт оны вокзалдан «Бақытты бол» деп шығарып салған. Содан кейін олар қайта кездеспеген.
Жазба авторының сөзінше, кейін қыздың басқа азаматқа тұрмысқа шыққанын, төрт балалы болғанда күйеуінен айырылғанын естіген. Ол қызды содан бері көрмегенімен, әлі күнге дейін ұмытпағанын айтады.