Әлеумет

«Шығынды кім өтейді»: Астанада BI Group салған үйдің тұрғындары жарықсыз қалып, техникалары күйіп кеткен

 Астанадағы BI Group компаниясына тиесілі тұрғын үй кешендерінің бірінде электр жарығының жиі өшуіне байланысты тұрғындардың тұрмыстық техникалары бұзыла бастаған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Тұрғындардың бірі жарықтың тұрақсыз берілуінен кір жуғыш машинасы істен шыққанын айтып, компаниядан келтірілген шығынды өтеуді талап етіп отыр.

"Осы электр жарығының бірде болып, бірде болмай тұруының салдарынан кір жуғыш машинамыз да істемей қалды. Енді оны кім жөндеп береді? Егер электр жүйесіндегі ақаулардың кесірінен техникамыз бұзылса, шығынын кім өтейді? Үйдегі барлық мәселені уақытында шешпегендеріңіз үшін біз зардап шегіп отырмыз. Кішкентай балалармен тұрып жатқан үйімізде жарық дұрыс істемейді, жөндеу жұмыстары бітпейді. Осындай жағдайға кім жауап береді?", - деп жазды тұрғын. 

Кешен тұрғындарының сөзінше, электр жарығына қатысты мәселе олардың күнделікті тұрмысына қолайсыздық туғызған. Әсіресе, кішкентай балалары бар отбасылар жиі өшетін жарық пен тоқтаусыз жөндеу жұмыстарынан шаршағанын айтады.

Тұрғындар мәселенің не себепті ұзақ уақыт шешілмей келе жатқанын және жағдайға кім жауапты екенін білгісі келеді. Олар баспана сатып алуға қомақты қаражат жұмсағанымен, өз үйлерінде осындай қиындықтарға тап болып отырғанына наразылық білдірген.

Оқиға әлеуметтік желіде талқыланып жатыр. Әзірге BI Group компаниясының аталған жағдайға қатысты ресми түсініктемесі туралы ақпарат жоқ.