Учаскелік дәрігерлер мен медбикелердің жалақысы 40% дейін өседі
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда учаскелік қызмет мамандарына қосымша ақы төлеу жоспарланып отыр. Қосымша төлем мөлшері медицина қызметкерінің үздіксіз еңбек өтіліне байланысты белгіленеді. Соның нәтижесінде олардың жалақысы 40%-ға дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Министрдің айтуынша, жаңа төлем жүйесі медициналық-санитариялық алғашқы көмек саласындағы мамандарды қолдауға және олардың еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде кадрлық әлеуетті нығайту және медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесіндегі жұмыстың тартымдылығын арттыру мақсатында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік қызмет мамандарына сараланған қосымша ақы белгілеу ұсынылады. Емхана жүйесінде жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысы үздіксіз еңбек өтілін ескере отырып 40%-ға дейін ұлғаяды», – деді министр.
Өңірлерде 70-ке жуық медициналық нысан салынады
Қазақстанда медициналық инфрақұрылымды дамыту үшін өңірлерде 70-ке жуық жаңа нысан салу жоспарланып отыр. Олардың қатарында аудандық ауруханалар, жедел жәрдем стансалары мен қан орталықтары бар.
Сонымен бірге 8 перинаталдық орталық, 7 көпбейінді балалар ауруханасы, Балаларға шұғыл көмек көрсету орталығы және Балалар хирургиясы орталығы бой көтереді.
Бұдан бөлек, Балаларды оңалтудың ұлттық орталығының 5 өңіраралық филиалы мен 25 амбулаториялық-емханалық нысан салу көзделген.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бұл жобалар медициналық инфрақұрылымды кеңейтуге және халыққа көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Жобаларды жүзеге асыру 1,8 млн шаршы метр медициналық инфрақұрылымды құруға және жаңартуға, стационарлардағы төсек санын 9,2 мыңға ұлғайтуға және жаңғыртуға, сондай-ақ амбулаториялық көмек қуатын ауысымына 5 мыңнан астам келушіге көбейтуге мүмкіндік береді», – деді министр.