Ең төменгі жалақы өсіп, бизнеске мораторий енгізіледі: Үкімет жоспарын таныстырды
Үкімет отырысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин 2027 жылға арналған негізгі жоспарларды таныстырды. Жоспар аясында кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту, бизнесті қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту және халықтың табысын арттыру мәселелері қарастырылған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Кәсіпкерлерді қандай өзгерістер күтіп тұр?
Ұлттық экономика министрлігі депутаттармен бірлесіп, микро және шағын бизнеске тексеру жүргізуге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін талқылап жатыр. Бұл бастаманы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосу жоспарланған.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына кәсіпкерлерді тарту тетіктерін жетілдіру көзделген.
Орта бизнесті қолдау үшін арнайы даму жоспары әзірленеді. Оның негізгі мақсаты – кәсіпкерлердің ұзақ мерзімді қаржыға қол жеткізуін жеңілдету және өндірісті жаңғыртуға жағдай жасау.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің ұсыныстарын ескере отырып, Салық кодексіне өзгерістер енгізуге қатысты түзетулер топтамасы дайындалған. Ал табысы жоғары азаматтар үшін салық мөлшерлемесін көтеру мүмкіндігі халықаралық тәжірибені ескере отырып зерделеніп жатыр.
Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге өсе ме?
Азамат Әмриннің мәлімдеуінше, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл шамамен 29 пайыз өсімге тең.
Министрлік экономикалық өсім мен инфляция қарқынының баяулауы халықтың нақты табысын арттыруға ықпал етеді деп күтеді. Осы бағытта баға қалыптастыруға бақылауды күшейту және оны тарифтік саясатпен үйлестіру мәселелері де қарастырылған.
Инфрақұрылым құрылысына басымдық беріледі
Вице-министр Мемлекет басшысының инфрақұрылымды кең көлемде дамыту жөніндегі тапсырмасына да тоқталды. Осы мақсатта Инфрақұрылымды дамыту қоры құрылғанын атап өтті.
Ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеру шамамен 1,8 миллион адамның табысына әсер етуі мүмкін. Олардың қатарында бюджет саласында жұмыс істейтін 370 мыңнан астам қызметкер бар.