Әлеумет

Қазақстанда ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін өседі

Қазақстанда келер жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен арттыру жалғасады.

«Жалақының ең төменгі мөлшерін кезең-кезеңімен көбейте береміз. Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын», – деді президент.

Президенттің сөзінше, бұл өзгеріс 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін дамытуға қатысты тапсырма берді.

Мемлекет басшысы жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, осы бағыттағы қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту маңызды екенін атап өтті.

«Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді», – деді президент.

Осылайша, келер жылдан бастап ең төменгі жалақы өсіп қана қоймай, алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінде еңбек ететін 77 мыңнан астам маманның да жалақысын арттыру көзделіп отыр.