Президент мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, артық міндеттерден арылтуды тапсырды
Мемлекет басшысы оқу-ағарту саласындағы өзгерістер мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, артық міндеттерден арылтуы керек екенін айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Президенттің сөзінше, бұрын мұғалімдер қағаз толтыруға көп уақыт жұмсаса, қазір есеп беру жұмыстары цифрлық платформалар мен электронды жүйелер арқылы жалғасып отыр.
«Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын түрлі платформаларға, цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев ұстаздардың басты міндеті – оқушыларға сапалы білім беріп, сауатты әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу екенін атап өтті. Сондықтан мұғалімнің негізгі жұмысына кедергі келтіретін артық тапсырмаларды қысқарту қажет.
«Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек», – деді ол.
Сонымен қатар Президент мектептерде оқушылардың мұғалімдерге дөрекілік танытып, тіпті күш қолданатын жағдайлар жиілеп отырғанына назар аударды. Оның айтуынша, мұндай оқиғалар кезінде кейде мектеп әкімшілігі де ұстазға қысым көрсетеді.
«Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет. Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да аз емес. Мұндай кезде көбінесе мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл – дұрыс емес», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев әрбір оқиғаға жан-жақты баға беріліп, оған қатысы бар тараптардың барлығы жауапкершілікпен қарауы керектігін ескертті. Сондай-ақ ол Оқу-ағарту министрлігіне бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
«Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек. Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет», – деп түйіндеді Президент.