Әлеумет

Учаскелік дәрігерлердің жалақысы 40% өседі

Мемлекет басшысы алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту, медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру және ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру жөнінде тапсырмалар берді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Президенттің айтуынша, алғашқы медициналық көмек жүйесін дамыту үшін жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, осы салаға бөлінетін қаржыны кезең-кезеңімен арттыру қажет.

«Сондай-ақ біз алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту ісіне ерекше мән береміз. Осы тұрғыдан алғанда, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, бұл жүйені қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту маңызды», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Үкіметке келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік қызмет мамандарының жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін көтеру тапсырылды. Бұл өзгеріс 77 мыңнан астам маманның табысын арттыруға мүмкіндік береді.

«Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді», – деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Жаңа мөлшер келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілуге тиіс.

Президенттің айтуынша, бұл шешім 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді.