Қазақстанда Ұлттық қор есебінен 120-ға жуық әлеуметтік нысан салынады
Қазақстан өңірлерінде Ұлттық қор қаражаты есебінен 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны және 50-ге жуық білім беру, спорт пен мәдениет мекемесі салынады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, Ұлттық қор қаражатын жинақтау мен оны пайдалану арасында теңгерім сақталуы қажет. Қаражат қоғамға барынша пайдалы жобаларға бағытталуға тиіс.
«Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет. Өйткені бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру», – деді Президент.
Тоқаев жобаларды жүзеге асыруға тәжірибесі мол әрі қажетті материалдық-техникалық мүмкіндігі бар жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін тарту керектігін атап өтті. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары қатаң бақылауда болатынын айтты.
Алдымен өңірлерде перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорт залдары салынады.
Бұдан бөлек, білім беру, спорт және мәдениет салаларындағы 50-ге жуық нысанның құрылысы басталады.
«Осындай аса қажетті, сапалы нысандардың құрылысын жедел түрде бастап, көп ұзамай іске қосуымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Президент 2027 жылды Құрылыс жылы деп жариялаған еді.