Трамп Венесуэланы АҚШ-тың 51-штаты етуді ұсынды
АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэланы Америка Құрама Штаттарының 51-штаты ретінде қосу мүмкіндігін айтты. Ол бұл туралы 27 қазанда Техас штатының Корпус-Кристи қаласында өткен сайлауалды митингінде мәлімдеді. Бұл туралы Anadolu агенттігі жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Трамптың айтуынша, Вашингтон мен Каракас арасындағы қарым-қатынас жақсарып, екі ел арасындағы мұнай саласындағы ынтымақтастық кеңейіп келеді. АҚШ басшысы болашақта Венесуэла Америка құрамына енуі мүмкін екенін де жоққа шығармады.
«Кім білсін, бәлкім, жақын арада ол гүлденген 51-штатқа айналар. Оны 51-штат етейік. Сонда президенттің орнына губернатор сайлайтын боламыз», – деді Трамп жақтастарының алдында сөйлеген сөзінде.
Америкалық көшбасшы бұл ұсынысын Венесуэланың мол мұнай қорымен де байланыстырды. Сол митингте ол Техасқа Венесуэладан бір миллион баррель мұнай тиелген алғашқы танкер келгенін жариялады. Трамп мұнай жеткізілімін екі ел арасындағы келісімнің нәтижесі ретінде сипаттады. Алайда The Washington Post басылымының мәліметінше, бұл мұнай тегін берілген сыйлық емес, жеңілдетілген бағамен сатып алуға негізделген келісім аясында жеткізілген.
Бұған дейін, 2026 жылдың тамызында, Ақ үй Венесуэланың мұнай саласына қатысты АҚШ-тың қатысуын кеңейтетін келісім туралы хабарлаған болатын. Ресми мәлімдемеде 65 миллиард баррельден астам дәлелденген мұнай қорына қатысты құқықтар сөз болған.
Венесуэланы АҚШ құрамына қосу туралы ұсыныс әзірге Трамптың мәлімдемесі деңгейінде қалып отыр. Мұндай өзгеріс жүзеге асуы үшін АҚШ-тың заңнамалық рәсімдері қажет. Жаңа штат қабылдау мәселесі АҚШ Конгресінің құзыретіне жатады.