Үш көлік пен 25 пәтерге тыйым салынды: Алматыда қаржы пирамидасының басшысы ұсталды
Алматыда тұтыну кооперативі ретінде жұмыс істеген «R.O.I.» қаржы пирамидасына қатысты тергеу басталды. Іс бойынша 275 адам жәбірленуші деп танылып, оларға келтірілген шығын көлемі 217 миллион теңгеге жеткен, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, азаматтарға жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алу бағдарламаларына қатысу ұсынылған. Осы мақсатта үлестік жарна жинау туралы келісімдер жасалып, тұрғындардан ақша қабылданған.
Алайда тергеу деректеріне сәйкес, жаңа қатысушылардың қаражаты нақты кәсіпкерлік қызметке жұмсалмаған. Оның орнына ақша бұрын кооперативке қосылған мүшелер алдындағы міндеттемелерді өтеуге бағытталған.
94 миллион теңге басқа шоттарға аударылған
Тергеу барысында ұйымдастырушылардың кеңес беру қызметтері үшін төлем деген желеумен кооперативтен 94 миллион теңгені өздерімен байланысты тұлғалардың есепшоттарына аударғаны анықталған. Олардың қатарында «Кәусар» жеке кәсіпкерлігінің шоты да бар.
Сонымен қатар 2022 жылы сот даулары басталғаннан кейін Алматыда тағы алты тұтыну кооперативі құрылған. Олар – «ShynSaulet», «Berekeli Shanyrak», «Aya-Aru», «Jasmin», «USCoop» және «Baiterek».
Агенттік мәліметінше, бұл ұйымдар «R.O.I.» кооперативінің басшысының бақылауында болған. Олар негізгі кооперативтің жеке сот орындаушылары бұғаттаған банк шоттарын айналып өтіп, қаражатты басқа есепшоттарға бағыттау үшін пайдаланылған.
Үш көлік пен 25 пәтерге тыйым салынды
Қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген адам екі ай мерзімге қамауға алынған.
Соттың санкциясымен үш автокөлікке, 25 пәтерге және банк шоттарына тыйым салынды.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, істің өзге мән-жайлары жария етілмейді.