Жерлеу рәсімінен қайтып келе жатқан: жол апатынан 24 адам қаза тапты
Кенияның оңтүстік-шығысындағы тасжолда жолаушылар автобусы мен цемент таситын жүк көлігі соқтығысып, кемінде 24 адам көз жұмды. Тағы 24 адам жарақат алды. Бұл туралы Associated Press (AP) агенттігі полиция мен аурухана қызметкерлеріне сілтеме жасап хабарлады, деп жазады buginmedia.kz.
Жол апаты 25 қазанда жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:45 шамасында Найроби мен Момбаса қалаларын жалғайтын тасжолдың Мтито Андей маңындағы бөлігінде болған.
Полицияның мәліметінше, автобус Батыс Кенияда өткен пасторды жерлеу рәсімінен жолаушыларды Момбасаға жеткізіп бара жатқан. Көлік Момбасадағы Power of the Word Church International шіркеуіне тиесілі болған. Жолаушылардың бірі апатқа дейін автобустың таңғы ас ішу үшін тоқтағанын айтқан.
Апаттан аман қалған Виолет Мвандоньи Associated Press агенттігіне берген сұхбатында соқтығыстан кейін автобуста қалған адамдардың өтіп бара жатқан жүргізушілерден көмек сұрап айқайлағанын жеткізді. Оның айтуынша, автобуста болған екі баласының тағдыры әзірге белгісіз.
Апаттың себебі анықталып жатыр
Макуэни округінің комиссары Абдуллахи Халифтің The Standard басылымына берген мәліметіне қарағанда, автобус жүргізушісі бірнеше көлікті басып озуға әрекет жасаған кезде қарсы бағытта келе жатқан жүк көлігімен соқтығысқан.
Кенияның Ұлттық көлік және жол қауіпсіздігі басқармасы (NTSA) да қауіпті басып озуды апаттың ықтимал себептерінің бірі ретінде атады. Алайда, оқиғаның нақты себебі әлі анықталған жоқ. Аман қалған тағы бір жолаушы жүк көлігі автобустың артқы жағынан соққанын айтқан.
Бұл қайғылы оқиға Кенияда жол қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық күшейген тұста болды. Осыдан үш аптадан астам уақыт бұрын дәл осы тасжолда болған басқа апаттан 17 адам қаза тапқан еді. Бұған байланысты ел үкіметі жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсарту жөнінде жаңа уәделер берген.