Шыңғыс Айтматовтың қарындасы 89 жасында өмірден өтті
Қырғызстанның қоғам қайраткері, әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың қарындасы Роза Айтматова 89 жасында дүниеден озды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қаралы хабарды Шыңғыс Айтматов атындағы қор әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
«Роза Айтматованың 89 жасында өмірден озғанын өкінішпен хабарлаймыз. Роза Төреқұлқызы туралы жарқын естелік жүрегімізде мәңгі сақталады», – делінген қордың хабарламасында.
Роза Айтматова – физика-математика ғылымдарының кандидаты, Қырғызстанның еңбек сіңірген білім беру қызметкері және қоғам қайраткері. Ол білім беру мен қоғамдық қызмет саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, елдің қоғамдық өміріне үлес қосқан.
Сонымен қатар, ол Әйелдерге көмек көрсету орталығын басқарған. Бұл қызметінде әйелдердің құқықтарын қорғауға, олардың қоғамдағы рөлін арттыруға және әйелдер көшбасшылығын дамытуға атсалысқан.
Мәдениет пен ағарту саласындағы еңбегі ескеріліп, Роза Айтматова Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты атанған.