Әлеумет

Петропавлда жігіт сүймек болған кезде қыз көліктен секіріп кеткен

Петропавлда 22 жастағы қыз жүріп бара жатқан көліктен секіріп кетіп, басқа автокөліктің астына түсті. Оқиға 18 қазан күні кешке қаланың шетінде болған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

HALYQSTAN арнасының мәліметінше, әлеуметтік желілерде қызды ұрып-соғып, көліктен жолға лақтырып жібергені туралы ақпарат тараған. Алайда полиция тексеру барысында бұл мәліметтердің расталмағанын мәлімдеді.

Полицияның анықтауынша, Семейден танысына қонаққа келген қыз жігітпен бірге көлікке отырып, қаланы аралаған. Жол үстінде рөлде отырған жігіт оны сүймек болған. Қыз оның әрекетіне қарсылық білдіріп, итеріп жіберген. Өзінің айтуынша, алдыңғы тістері болмағандықтан ұялған.

Осыдан кейін қыз көліктің есігін ашып, жүріп бара жатқан автокөліктен секіріп кеткен. Сол сәтте оны 69 жастағы ер адам тізгіндеген Volkswagen көлігі қағып кеткен.

Зардап шеккен қыз ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек алған. Дәрігерлер оны ауруханаға жатқызуды қажет деп таппаған.

Қыз полицияға арыз жазудан бас тартып, көп ұзамай Петропавлдан кетіп қалған.