«Бүгінге дейін 20 үй алатын ақшам болған шығар»: танымал актер жылап қалатынын айтты
Актер Рамазан Амантай тележүргізуші Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында қаржылық жағдайы мен өткендегі өкініштері туралы айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Өнер иесінің айтуынша, кезінде бірнеше үй сатып алуға жететін қаражаты болған. Алайда ақшасын дұрыс жұмсамағандықтан, қазір пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Тіпті кей кездері жалдау ақысын төлеуге де қиналған.
«Қазір пәтер жалдап тұрамын. Бірнеше ай оның ақысын төлей алмай қалған кезім болған. Осы күнге дейін 20 үй алатын ақшам болған шығар. Бірақ ақылым болмапты. Әйелім үнемі ақылын айтады, бірақ мен тыңдамаймын. Ақшаны өзім ұстаймын, оған қандай жағдай болса да бермеймін. Ақшаның бәрін сыртқа апарып шашамын. Сол ақымақ істеріме куә болғандар бар. Осының бәрін есіме түсіріп, жылап жібердім», – деді актер.
Рамазан Амантайдың бұл сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Желі қолданушыларының бір бөлігі актерді сынап, отбасындағы қаржылық жауапкершілікке мән беру керегін жазды.
«Әйелге ақша бермеген еркек кедейленеді», «Саған шыдап жүрген әйеліңді аяп кеттім ғой», «Әйеліңе бергеніңде хан сарайында тұратын едің ғой», «Отбасы болған соң әйеліңмен ақылдасу керек. Ақша шашып жүргенде жаныңдағылар рақмет айтты ма? Сені пайдаланған өтірік достарың көп қой» деп жазды оқырмандар.