Санжар Бокаевтың бұрынғы видеографы тағылған айыпты мойындады
Қоғам белсендісі Санжар Бокаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа жағдай белгілі болды. Оның бұрынғы видеографы Ұлан Нүсіпқожа өзіне тағылған айыптарды мойындап, сотта іс мән-жайы туралы баяндауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Қорғаушының айтуынша, Нүсіпқожа ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты эпизодтар бойынша «шындыққа сай әрі дәйекті жауап» беруді көздеп отыр.
Бұған дейін ол адвокат Сергей Кимнің қызметінен бас тартқан. Сот отырысында Нүсіпқожа қорғаушысын өз еркімен ауыстырғанын растады.
Сондай-ақ денсаулық жағдайына байланысты оған қатысты бұлтартпау шарасы өзгертілген. Бұрын қамауда болған Нүсіпқожа қазір үйқамақта отыр.
Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында өткен отырыста төрағалық етуші судья Жанат Әбенованы іске қатысудан шеттету туралы өтініш те қаралды. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Санжар Бокаевқа қатысты іс
Санжар Бокаевқа, оның жиені Мадияр Қалменовке және Ұлан Нүсіпқожаға қатысты сот процесі 16 қазанда басталды.
Прокуратура нұсқасы бойынша, Бокаев пен оның сыбайластары құрылыс нысанынан гранит тақталарды ұрлауды ұйымдастырып, кейін болған оқиғаны әшкерелеу ретінде видеоға түсірген. Тергеу Баума тоғайындағы ағаштарды кесу оқиғасынан да осыған ұқсас әрекеттерді байқаған.
Сонымен қатар, Бокаевқа кәсіподақ қаражатын жымқыруға және ақшаны заңдастыруға қатысты айыптар тағылған. Қоғам белсендісі бұған дейін өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған.
Қылмыстық іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.