Жангелдиндегі қанды оқиғаның көзі тірі куәгері Ақбаян алғаш рет өмірі туралы айтты
Атырау облысындағы Жангелдин ауылында болған қайғылы оқиғадан аман қалған Ақбаян Мұқанғалиева алғаш рет журналистерге сұхбат берді. Ол бес баласын өз қолына алғысы келетінін айтты., деп хабарлайды buginmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, Ақбаян ұзақ уақыт емделіп, қазір туыстарының қамқорлығында тұрып жатыр. Жақындарының айтуынша, оның жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Бұрын көп уақытын ұйқымен өткізсе, қазір айналасындағылармен сөйлесіп, туған ауылын, ата-анасы мен бауырларын жиі сұрайтын болған.
Ақбаянның әпкесі Әсила Мұқанғалиеваның сөзінше, олар әйелдің туған-туыстары туралы сұрақтарына әзірге толық жауап бермей жүр. Жақындары шындықты естігенде денсаулығы нашарлап кете ме деп алаңдайды.
«Балаларымды өзіме алғым келеді»
Ақбаян бес баласын апта сайын барып көретінін айтты. Оның сөзінше, балаларымен кездескенде кенжесі анасынан өзімен бірге алып кетуді сұрайды.
«Кішкентайы жылайды, “алып кетші” деп. Үлкендері енді түсінеді», – деді ол.
Қазір Ақбаян психологқа аптасына екі рет барып жүр. Өзінің айтуынша, басы кейде ауырғанымен, жағдайы бұрынғыдай емес.
«Психологқа барып жүрмін. Таңертең, аптасына екі рет. Басқа ешқайда қаралып жатқан жоқпын. Басым мазаласа, кетеді ғой. Бірақ қатты ауырып жүргем жоқ», – деді Ақбаян Мұқанғалиева.
Туыстары оның әлі де мамандардың көмегіне мұқтаж екенін айтады. Сондықтан Ақбаянды Алматы немесе Астана қалаларындағы білікті дәрігерлерге көрсету мәселесін қарастырып жатыр. Алайда емделуге және жолға қажетті қаражат табу қиынға соғып отыр.
Ақбаянның басты арманы – балаларымен қауышу
Ақбаянның ағасы Шалқар Мұқанғалиеваның айтуынша, отбасы оның өмірге деген құлшынысын қайта оятып, қалыпты өмірге оралуына көмектескісі келеді.
«Біздің алдағы үмітіміз – бес баласын алып, өзі бақытты өмір сүрсе деген ниет. Нәтижесін көріп, аяқтан тұрып келе жатқанын көргеннен кейін, осы тоқтап қалмасын, әрі қарай дами берсін дейміз», – деді ол.
Ақбаянның бес баласы қазір балалар мекемелерінде тәрбиеленіп жатыр. Әйел оларды өз қамқорлығына алуды армандайды. Алайда бұл үшін оның денсаулығы қалпына келіп, балаларға күтім жасауға дайын екені анықталуы қажет.
Жангелдиндегі қайғылы оқиға
Ақбаян Мұқанғалиева – Атырау облысының Жангелдин ауылында қаза тапқан төрт адамның жақыны. Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс бойынша оның бұрынғы күйеуі Сұлтан Сәрсемалиев өмір бойына бас бостандығынан айырылған.
Қанды оқиғадан кейін Ақбаян шетелде ұсталып, Қазақстанға жеткізілген. Кейін ол медициналық мекемеде емделіп, қыркүйекте ауруханадан шыққаны хабарланған.
Қазір оның жақындары әйелдің толық оңалуына және бес баласымен қайта қауышуына көмектесуге тырысып жатыр.