Әлеумет

Украинадағы соғысқа тап болған 13 қазақстандық елге оралуға дайындалып жатыр

Ресейге жұмыс істеуге барған, алайда Украинадағы соғысқа тап болған 13 қазақстандықтың отбасына оралуына мүмкіндік туды. Адвокат Мейірман Шекеев олардың әскери міндеттемелерден босатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Туыстары қазақстандықтардың елге оралуын күтіп отыр

Адвокаттың айтуынша, енді ер азаматтардың Қазақстанға оралуына заңдық кедергі жоқ.

«Арнайы әскери операция жағдайына тап болған қазақстандықтардың 13-і  әскери міндеттен босатылды. Енді олардың елге оралуына еш құқықтық кедергі жоқ. Ең басты тілегіміз - балаларымыздың елге аман-есен оралып, туған-туыстарымен қауышуы», – деп жазды Мейірман Шекеев.

Бұған дейін адвокат қазақстандықтардың ұрыс аймағынан шығарылып, Ресейдің Воронеж қаласына жеткізілгенін айтқан.

Оқиғаның мән-жайы

Еске салайық, қазан айының басында ер азаматтардың аналары мен туыстары Астанаға келіп, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен көмек сұраған.

Туыстарының айтуынша, жас жігіттер Ресейге күзет агенттіктеріне жұмысқа орналасу үшін барған. Алайда олардың сөзінше, оларға әдеттегі еңбек шарттарының орнына басқа құжаттарға қол қойдырған. Соның салдарынан қазақстандықтар келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қатарына қосылып, Украинадағы соғысқа жіберілген.