Әлеумет

Қазақстанда 55 миллиард тонна өндірістік қалдық жиналған: одан алтын мен күміс өндіруге болады

Қазақстанда жаңа кен орындарын игеруге қомақты қаржы жұмсамай-ақ, бұрыннан жиналған өндірістік қалдықтардан пайдалы қазбаларды алуға мүмкіндік бар. Мәжіліс депутаты Марат Шибутов Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевқа жолдаған депутаттық сауалында осы мәселені көтерді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қалдықтардан қандай пайда бар?

Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі XIX ғасырдың екінші жартысында дами бастады. Ол кезде кәсіпорындар құрамында пайдалы компоненттері көп кен орындарын игерген. Ал құрамы кедей деп саналған жыныстар арнайы үйінділерге шығарылған.

Депутаттың айтуынша, уақыт өте келе мұндай үйінділерде әртүрлі геохимиялық процестер жүріп, пайдалы компоненттердің мөлшері жоғары минералдық түзілімдер пайда болуы мүмкін.

Сонымен қатар үйінділердегі шикізатты жер астынан қазып алудың қажеті жоқ. Ол жер бетінде жатыр әрі ұсақталған күйде болуы мүмкін.

Марат Шибутовтың пікірінше, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу моноқалалардың тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашуға, бюджетке салық түсімдерін арттыруға және өндірістік қалдықтар алып жатқан жерлерді босатуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда 55 миллиард тонна қалдық бар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің 2024 жылғы 1 қаңтардағы дерегіне сәйкес, Қазақстанда техногендік минералдық түзілімдер сақталған 1 747 нысан болған. Жиналған қалдықтардың жалпы көлемі шамамен 55 миллиард тоннаға жеткен.

Алайда оның барлығы бағалы металдарға бай емес. Қалдықтардың басым бөлігін құрылыс саласында пайдалануға болатын аршынды жыныстар құрайды. Соған қарамастан, құрамында пайдалы компоненттері бар қалдықтар да бірнеше жүз миллион тоннаға жетеді.

Депутат мысал ретінде мына нысандарды атады:

Ақтөбе облысындағы Дон тау-кен байыту комбинатының хромы бар үйінділері;

Шығыс Қазақстандағы алтын құрамды қалдықтар;

Қоңырат кенішінің мыс қалдықтары;

Жәйрем тау-кен байыту комбинатының марганец қалдықтары.

Qarmet кәсіпорындарының маңында да шамамен 800 миллион тонна өндірістік қалдық жиналған. Оның 21 миллион тоннаға жуығы домна өндірісіне, ал 46 миллион тоннасы болат балқыту өндірісіне тиесілі.

Қазақстанда қалдықтан алтын өндірген

Марат Шибутов Қазақстанда мұндай қалдықтарды қайта өңдеу тәжірибесі бұрыннан бар екенін еске салды.

2017–2018 жылдары Ақмола облысында «Ақсу», «Бестөбе» және «Жолымбет» кеніштерінің алтын құрамды қалдықтарын өңдеуге арналған үш фабрика іске қосылған. Олардың жалпы жобалық қуаты жылына 7 миллион тонна болған.

Депутаттың пікірінше, техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеу экологиялық жағдайды жақсартуға, жер телімдерін босатуға және қосымша экономикалық пайда алуға мүмкіндік береді. Бұл жұмыс орындарының ашылуы мен салық түсімдерінің артуына да ықпал етуі мүмкін.

Министрлікке қандай ұсыныс жасалды?

Марат Шибутов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жер қойнауын пайдаланушылармен және ғалымдармен бірлесіп, өндірістік үйінділерді түгендеуді ұсынды.

Мұндай зерттеу қалдықтардың құрамын анықтап, олардың қайсысын қайта өңдеуге болатынын бағалауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бұрын пайдасыз саналған үйінділердің бір бөлігі өнеркәсіп үшін қосымша шикізат көзіне айналуы мүмкін.