Әлеумет

"Құрбым екеуіміз 5-қабаттан секіріп кеттік": екі қызға бір топ жігіт тап берген

Құқық қорғаушы Ләззат Рақышеваға зорлық-зомбылықтан аман қалған әйелден хат келді. Хат авторы студент кезінде бір топ жігіттің шабуылынан қашып, бесінші қабаттан секіруге мәжбүр болғанын жазады. Содан бері 30 жыл өтсе де, ол денсаулығына байланысты қиындық көріп келеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Хат авторының айтуынша, оқиға болған кезде ол бірінші курс студенті болған. Бір күні құрбысының өтінішімен жатақханада қонған. Түнгі сағат екі шамасында бір топ жігіт есікті қағып, кейін ішке кірмек болған. Қыздар есікті ашуға мәжбүр болып, жігіттердің ортасында қалған.

Әйелдің жазуынша, олар өздерін қауіпсіз сезінбеген соң, терезеден қашуға шешім қабылдаған. Алдымен құрбысы бесінші қабаттан секірген. Оның артынан хат авторы да секіргенімен, бір затқа ілініп, ауыр жарақат алған.

«Оң жағым бірден сал болып қалды. Қозғала алмаймын. Қатты аяз, боран еді», – деп еске алады ол.

Оның айқайын түнде қонақтан қайтып келе жатқан отбасы естіп, көмекке келген. Оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем шақырылып, әйелге шұғыл операция жасалған. Хат авторының айтуынша, бел омыртқасы бірнеше жерден сынған.

Оқиғаға қатысқан жігіттердің ішінен біреуі ғана сотталып, үш жылға бас бостандығынан айырылған. Әйел кейін оның жазасын өтеп шыққанын естігенін жазады. Ол сотталған адамның кім екенін білмейтінін, кейін оның отбасылы екенін естігенін айтады.

«Ол адамды кешірдім. Жастықтың қызуымен от басқан болар», – дейді хат авторы.

Ауыр жарақатына қарамастан, әйел балдақпен жүріп, оқуын аяқтап, диплом алған. Алайда содан бері алты-жеті рет операция жасатқанымен, денсаулығы толық қалпына келмеген. Ұзақ жүргенде аяғы ақсап, кейде жүре алмай қалатынын айтады.

Хат авторы өз жағдайын сабырлылығы мен қайсарлығының арқасында еңсеріп келе жатқанын жазады. Ешкімге масыл болмауға тырысып, өздігінен өмір сүруге ұмтылатынын жеткізген.

Хатта әйел мүгедектік тобын рәсімдеуге байланысты қиындықтарын да көтерген. Оның айтуынша, 2012 жылы екінші топтағы мүгедектігі белгіленгенімен, кейін оны алып тастаған. Біраз уақыттан соң қайта рәсімдеген, алайда кейін мүгедектік мәртебесінен тағы айырылғанын жазады. Ол медициналық-әлеуметтік сараптама шешіміне наразылығын білдіріп, денсаулығына қатысты мәселелеріне қарамастан, мүгедектік мәртебесінің берілмеуіне қынжылады.