Ресейде 19 жастағы қызықстандықты ұрып-соғып, соғысқа келісімшартқа қол қойғызған
Өскемендік 19 жастағы Камир Нұрғалиевтің туыстарының айтуынша, Ресейдің Ульяновск қаласында оны ұрып-соғып, қорқыту арқылы әскери келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеген. Қазір жас жігіттің қайда екені белгісіз. Анасы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен көмек сұрады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
«Уральская неделя» басылымының мәліметінше, 15 қазанда Камир Telegram арқылы немере ағасына басқа адамның аккаунтынан хабарлама жіберген. Себебі оның жеке телефонын тартып алған.
Жас жігіттің айтуынша, белгісіз адамдар микроавтобуспен көшеде оның және досының жолын бөгеп, екеуін ұрып-соққан. Сондай-ақ Ресей Қорғаныс министрлігімен әскери келісімшартқа қол қоймаса, үстінен есірткі табылды деп жалған айып тағатындарын айтып қорқытқан.
Камир хабарламасында денесінің көгергенін жазып, туыстарынан көмек сұраған.
Анасы Аленаның сөзінше, ұлы өзінің жүрген жерін «далада» деп сипаттап, оларды «оқуға» Ростовқа алып кетпекші екенін айтқан.
Ресейге жұмыс істеуге кеткен
Камир көктемде колледжді бітіргеннен кейін ақша табу үшін Ресейге барған.
«Ақша тапқысы келді. Ересек болғысы келген шығар», – деді анасы.
Тамызға дейін жас жігіт Гагарин қаласындағы «Папа может» шұжық өндіретін кәсіпорында жұмыс істеген. Кейін досына бару үшін Ульяновск қаласына кеткен.
Анасының айтуынша, Камир Қазақстанға қайтуды жоспарлаған. Отбасы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне өтініш жолдап, ұлын табуға, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және елге оралуына көмектесуді сұраған.
Кейін отбасыға Қазақстанның Қазан қаласындағы консулдығынан хабарласып, көмек көрсетілетіні айтылған.
Камирдің анасы ұлын тауып үлгермей тұрып, оны соғыс аймағына жіберіп қоя ма деп алаңдайды.
Бұған дейін де қазақстандықтар осындай жағдайға тап болған
Бұған дейін Ресейге жұмыс істеуге барып, Украинадағы соғыс аймағында қалған жеті қазақстандықтың Воронеж қаласына шығарылғаны хабарланған еді. Бұл туралы олардың отбасыларына көмектесіп жүрген заңгер Мейірман Шекеев мәлімдеген.
Олардың айтуынша, Ресейге күзетші және ет комбинаттарында жұмыс істеу үшін барған. Алайда еңбек келісімшарттарының орнына әскери келісімшарттарға қол қойғызған. Қазақстандықтардың елге қашан оралатыны әзірге белгісіз.