Әлеумет

Қазақстанда борышкерлердің шотында 50 мың теңге қалдыру ұсынылды

Қазақстанда қарызы бар азаматтардың банк шоттарын бұғаттау және олардан ақша өндіріп алу тәртібіне өзгеріс енгізу ұсынылды. Ұлттық банк борышкерлердің шотында ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең соманы сақтап, ақшаны тек бір банктегі шоттан өндіріп алуды ұсынған. Қазір бұл көрсеткіш 50 851 теңге, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Құрылтай депутаты Асқар Мұхаметовтің сауалына берген жауабында заңнамаға тиісті түзетулер енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді.

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 1,5 миллионнан астам азаматтың банк шоты бұғатталған. Ал үш айдан астам уақыт бойы төленбеген несиелердің жалпы көлемі 1,8 триллион теңгеге жеткен.

Қазір қарыз қалай өндіріледі?

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, банктегі қарызды өндіріп алудың екі тәсілі бар.

Бірінші жағдайда банк төлем талабын қойып, клиенттің шотындағы ақшаның 50 пайызына дейін ұстай алады. Бұл ретте шотта кемінде екі ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең қаражат қалуы керек. 2026 жылы бұл сома 101 702 теңгені құрайды.

Екінші жағдайда қарыз сот орындаушысының өкімімен өндіріледі. Заң бойынша азаматтың жалақысы мен өзге де табысының 50 пайызынан астамын ұстауға болмайды. Сонымен қатар оның шотында кемінде бір ең төменгі күнкөріс деңгейіне, яғни 50 851 теңгеге тең қаражат сақталуға тиіс.

Алайда бұл талаптың орындалуына банктер емес, сот орындаушылары жауапты. Сондықтан сот орындаушысының инкассолық өкімі түскенде, банк шоттағы қаражатты толық өндіріп алуы мүмкін. Бұған қоса, сот орындаушылары азаматтың бірнеше банктегі шоттарын бір мезгілде бұғаттай алады. Соның салдарынан бұғатталған ақша көлемі қарыз сомасынан бірнеше есе асып кетуі ықтимал.

Ұлттық банк қандай өзгерістер ұсынды?

Ұлттық банк осы мәселелерді шешу үшін Әділет министрлігіне екі заңға түзету енгізуді ұсынды. Олар — «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» және «Төлемдер мен төлем жүйелері туралы» заңдар.

Ұсыныстардың біріне сәйкес, сот орындаушысының инкассолық өкімі орындалған жағдайда да азаматтың банк шотында бір ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең қаражат сақталуы керек.

Екінші ұсыныс бірнеше банктегі шоттарды қатар бұғаттауға қатысты. Оған сәйкес, қарыз сомасын азаматтың тек бір банктегі шотында бұғаттау көзделіп отыр. Ал басқа банктер сот орындаушысының бұғаттау туралы қаулыларын кері қайтара алады.

Қазір бұл ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қарастырылып жатыр.