Аймақ

Жаңаөзенде мұнай компанияларының басшылары ұсталды деген ақпарат тарады: не белгілі?

Жаңаөзенде Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің қатысуымен операция өткен. Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев «Jana Oil Service» ЖШС мен «Өзенмұнайгаз» АҚ басшылары ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Сәрсенбаевтың айтуынша, құқық қорғау органдары мердігер ұйымдардың басшылығымен сөз байласқан қылмыстық топты әшкерелеуі мүмкін. Болжам бойынша, бұл топ жұмысшыларды ереуілге шығуға итермелеген.

«Jana Oil Service» компаниясы мұнай сервистік саласында жұмыс істейді. Бұған дейін ол «Кезби» деп аталған. Ал «Өзенмұнайгаз» АҚ Маңғыстау облысында мұнай өндіреді және тапсырыс беруші ретінде қызмет етеді.

«Дереккөзімнің мәліметінше, ұсталғандар кәсіпорын ұжымын жаппай наразылыққа шығуға итермелеп, осылайша тапсырыс беруші - “Өзенмұнайгаз” АҚ-дан қосымша қаржы алуға тырысқан», - деп жазды блогер.

Егер бұл болжам расталса, онда еңбек даулары тапсырыс берушіге қысым көрсетіп, одан көбірек қаражат алу үшін пайдаланылған болуы мүмкін.

Ресми органдар әзірге түсініктеме берген жоқ. Нақты кімдердің ұсталғаны, қандай іс бойынша және қандай күдікпен тергеліп жатқаны белгісіз.

«Кезби» компаниясының жұмысшылары бұған дейін де бірнеше рет ереуілге шыққан. Олар жалақыны көтеруді, техниканы жаңартуды және еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен.

Бұған дейін не болған?

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Жаңаөзенде «Өзенмұнайгаз» компаниясының демеушілік қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу бастаған.

Компания қалалық аурухананың күйік бөлімшесіне 223 миллион теңге бөлген. Тергеу нұсқасы бойынша, оның 92 миллион теңгесі ғана жабдық сатып алуға жұмсалған. Қалған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, күдіктілер арасында бөлінген болуы мүмкін.

Күдіктілер қатарында аурухана директорының орынбасары мен Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары болған.