Бибісара Асаубаева Жавохир Синдаровқа тұрмысқа шықпақ
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева мен өзбек гроссмейстері Жавохир Синдаров шаңырақ көтермек. Бұл туралы Жавохирдің атасы Комил Синдаров өзбек журналисіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Комил Синдаров немересінің болашақ жары шахматтың ерекшелігін түсініп, оның кәсіби өмір салтына бейімделе алуы керектігін айтты. Себебі Жавохир жылдың басым бөлігін халықаралық жарыстарға қатысып, шетелде өткізеді.
«Той болады, біздің бұл тойдан күтеріміз көп. Егер Жавохирді шахматты түсінбейтін басқа қызға үйлендірсек, қиындық тууы мүмкін. Ол жылына 12 айдың 11 айын шетелде, жарыстарда өткізеді. Сондықтан онымен бірге сапарға шығуға дайын болу керек», – деді ол.
Сондай-ақ, Комил Синдаров болашақ келінінің қазақстандық болуы екі елдің арасындағы достықты нығайтуға септігін тигізуі мүмкін екенін айтты. Ол тарихи тұлға Әмір Темірдің де ұрпақтарын өзге мемлекеттердің өкілдеріне үйлендіру арқылы мемлекеттер арасындағы байланысты күшейтуге ұмтылғанын еске салды.
Жавохирдің атасы екі шахматшының болашақта отбасын құруынан ерекше үміт күтетінін де жеткізді.
«Екі әлем чемпионы, екі алып гроссмейстерден болашақта ұлы ұрпақ дүниеге келеді деп үміттенемін», – деді Комил Синдаров.
Оның пікірінше, Бибісара болашақта Ташкентке қоныс аударса, Өзбекстандағы шахматтың дамуына үлес қосуы мүмкін. Алайда шахматшының қай елде тұратынына қатысты шешімнің өздеріне байланысты екенін де атап өтті.
Еске салайық, Бибісара Асаубаева биыл шілдеде Жавохир Синдаровпен қарым-қатынасы туралы көпшілікке алғаш рет ашық айтқан еді. Олардың таныстығы бес жыл бұрын басталған. Бүгінде екеуі де халықаралық шахмат аренасында танылған спортшылар.