Әлеумет

Әлеуметтік төлемдердің 14 түріне өзгеріс енгізіледі

Қазақстанда әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау үшін жаңа цифрлық жүйелер енгізіліп жатыр. Сонымен қатар кәсіпорындардағы еңбек заңнамасының сақталуы бақылауға алынады. Бұл мәселелер Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Үкімет басшысы әлеуметтік көмектің кімге және қандай негізде берілетінін ашық көрсетіп, оның нәтижесін бақылау қажет екенін айтты.

«Мемлекет басшысы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін цифрландыруды кеңейтіп, жасанды интеллектіні енгізуді тапсырды. Әсіресе әлеуметтік салада бұл өте маңызды. Мемлекеттік көмектің қалай бөлінетінін ашық көрсетіп, оның халыққа қандай пайда әкелгенін бағалауымыз керек», – деді Олжас Бектенов.

Отбасының жағдайы қалай тексеріледі?

Қазақстанда «Отбасының цифрлық картасы» жұмыс істейді. Бұл жүйеде 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйеден жиналған 20 миллионнан астам азамат пен 6,2 миллион үй шаруашылығына қатысты дерек бар.

Жүйе отбасылардың әлеуметтік жағдайын бағалауға және көмекке мұқтаж азаматтарды анықтауға мүмкіндік береді. Алайда деректердің дұрыстығын жергілікті атқарушы органдар азаматтардың нақты тұрмыс жағдайын ескере отырып тексереді.

Үкімет өңір әкімдеріне мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетуді күшейтуді тапсырған. Атап айтқанда, азаматтардың жұмысқа орналасуына, білім алуына, жеңілдетілген несие рәсімдеуіне және жеке кәсіп ашуына көмектесу қажет.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы 480 355 отбасының тұрмыс жағдайы жақсарып, әл-ауқаты жоғары санатқа ауыстырылған. 2026 жылдың басынан бері бұл санатқа тағы 464 158 отбасы өткен.

Әлеуметтік төлемдердің 14 түріне өзгеріс енгізіледі

Үкімет әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру мәселесін де қарастырды. Министрлік мәліметінше, әл-ауқаты жоғары азаматтарға қатысты өзгерістер әлеуметтік жәрдемақының 36 түрінің 14-іне ғана әсер етеді. Қалған 22 түрі бойынша төлем тәртібі өзгеріссіз қалады.

Бұл ретте әлеуметтік көмекті алатын азаматтардың нақты жағдайы қосымша тексеріледі. Министрлік пен әкімдіктер отбасының табысы мен тұрмыс жағдайын анықтап, оның қай санатқа жататынын қайта бағалайды.

Министрлік мәліметінше, SMS-хабарламалар жіберілгеннен кейін 200-ден астам азамат әлеуметтік көмекке мұқтаж емес екенін айтып, жәрдемақыдан бас тартатынын мәлімдеген.

Осыған байланысты eGov Mobile қосымшасында әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартуға мүмкіндік беретін сервис әзірленіп жатыр. Ол іске қосылғанда азаматтар мемлекеттік органдарға бармай-ақ, онлайн түрде өтініш бере алады.

Үкімет басшысы отбасылардың әл-ауқатын есептейтін калькуляторды азаматтарға түсінікті әрі қолдануға ыңғайлы етуді тапсырды. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің деректерін «Отбасының цифрлық картасы» жүйесіне қосу жұмысын жеделдету қажет.

Әлеуметтік көмектің 66 түрі қайта қаралды

Жергілікті әкімдіктер көрсететін 66 әлеуметтік көмек түріне талдау жүргізілген. Нәтижесінде орталық және жергілікті деңгейде бір-бірін қайталайтын 38 шара оңтайландырылған. Қалған 28 шара бірыңғай талаптары бар 13 негізгі бағытқа біріктірілген.

Жаңа жүйе азаматтың көмек сұрап өтініш берген кезінен бастап, төлемді алғанға дейінгі барлық кезеңді бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік көмек алушылардың санын, төлемдерге сұранысты және жергілікті бюджеттен жұмсалатын қаражатты есепке алады. Бұл бір көмектің қайталанып төленуіне жол бермеуге бағытталған.

Әлеуметтік көмекке өтініш қабылдайтын бірыңғай цифрлық платформа биыл маусымда іске қосылған. Содан бері платформа арқылы жалпы сомасы 2,5 миллиард теңгеден асатын 55 мыңнан астам өтініш түскен. Оның ішінде 1,8 миллиард теңгеден астам сомаға өтініш мақұлданған.

Қазір платформа «Отбасының цифрлық картасы» жүйесімен біріктіріліп жатыр. Үкімет мемлекеттік қолдау шаралары туралы деректерді бір жүйеде есепке алуды тапсырды.

99 мыңнан астам кәсіпорын тексеріліп жатыр

Еңбек заңнамасының сақталуын бақылау үшін Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы қолданылады. Бұл жүйе кәсіпорындардағы ықтимал заңбұзушылықтарды алдын ала анықтауға арналған.

Қазір жүйе штатында 10 немесе одан көп қызметкері бар 99 мыңнан астам кәсіпорынды бақылап отыр. Ол қаржылық жағдай, әлеуметтік көрсеткіштер, еңбек қатынастары мен қауіпсіздігіне қатысты 80-нен астам көрсеткішті талдайды.

Мониторинг нәтижесінде тәуекел деңгейі жоғары 2 792 кәсіпорын, ал орташа тәуекел деңгейіндегі 3 137 кәсіпорын анықталған.

Жүйе міндетті жарналар мен аударымдарды уақытында төлемеу, қызметкерлердің жалақысындағы айырмашылықтар және ең төменгі жалақыға қатысты талаптарды сақтамау сияқты мәселелерді анықтайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне анықталған заңбұзушылықтарға қалай ден қою керегін белгілеп, қабылданған шаралардың нәтижесін бағалау тапсырылды.

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындауда жасанды интеллект қолданылады

Үкімет атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау кезінде жасанды интеллектіні пайдалану мүмкіндігін де қарастырды.

Жаңа технология учаскелік комиссиялардың қорытындыларын азаматтардың үйіне бармай-ақ тексеруге мүмкіндік береді. Министрлік мәліметінше, осы технология арқылы 183 мыңнан астам өтініш өңделген. Жүйенің дәлдігі 89 пайыздан асады.

Алайда жасанды интеллектінің қорытындысы тек ұсыныс ретінде қаралады. Атаулы әлеуметтік көмек беру туралы соңғы шешім қолданыстағы тәртіппен қабылданады.

Премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, цифрлық жүйелерді дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Бұл ретте азаматтардың жеке деректерін қорғау және ақпараттық қауіпсіздік талаптары сақталуы керек.

Олжас Бектенов әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгергенімен, қиын жағдайға тап болған азаматтар мемлекеттік көмексіз қалмауы керегін атап өтті.

«Қазақстан бұрын да әлеуметтік бағдарланған мемлекет болды және солай болып қала береді. Біз әлеуметтік көмекті шынымен мұқтаж адамдарға бағыттауды көздейтін реформаны жүзеге асырып жатырмыз. Өмірлік қиын жағдайға тап болған әрбір отбасы қажетті көмекті толық көлемде алуы керек», – деді Үкімет басшысы.