Аймақ

Қазақстанда -11 градусқа дейін суытады

Қазақстан синоптиктері алдағы күндері ел аумағында ауа райы қандай болатынын болжады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

16 қазан, жұма күні Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түсіп, жел күшейеді. Шығыс өңірлерде көктайғақ болып, түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін. Бұл туралы ауа райы болжамында айтылған.

Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарда нөсер жаңбыр мен қар жаууы ықтимал. Ал елдің орталығы мен оңтүстігінде айтарлықтай жауын-шашын күтілмейді. Республика аумағында жел күшейеді.

Өңірлердегі ауа температурасы:

Батыс Қазақстанда түнде ауа температурасы +7…+15 градус, күндіз +17…+25 градус болады.

Солтүстік өңірлерде түнде -3…-8 градус аяз болжанады. Күндіз ауа температурасы +7…+12 градусқа дейін көтеріледі.

Шығыста түнде -1…-6 градус, кей жерлерде -3…-11 градус аяз болады. Күндіз негізінен +3…+12 градус күтіледі. Өңірдің шығысында ауа температурасы -2 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Оңтүстікте түнде +2…+10 градус, күндіз +15…+25 градус жылы болады.

Оңтүстік-шығыста түнгі температура 0…+8 градус аралығында болады. Таулы аудандарда -2…-7 градус аяз болжанады. Күндіз ауа температурасы +12…+22 градус, кей жерлерде +10…+18 градус болады.