Әлеумет

«Айыппұл төлетеді де, босатады»: Қамауға алынған рэпер Navai-дің анасы ұлы туралы айтты

Рэпердің анасы Айнұр Бакирова Super басылымына берген сұхбатында болған жағдайды әдейі ұйымдастырылған әрекет деп есептейтінін айтқан. Оның сөзінше, әзірге ұлымен тікелей сөйлесе алмаған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

«Баламның есірткіге қандай қатысы болуы мүмкін? Мен оны жақсы білемін. Мұның бәрін біреулер әдейі ұйымдастырған сияқты. Ұлым мұндай іспен айналыспайды. Не болғанын түсінбей отырмын. Жақында оның концерті өтуі керек еді. Шараның не себепті тоқтатылғанына да таңғалғанмын», – деді ол.

Рэпердің анасы ұлының командасымен байланысқа шыққанын да айтты. Оның сөзінше, команда мүшелері мәселенің шешіліп жатқанын жеткізіп, жақын арада босатылуы мүмкін екенін айтқан.

«Күзетшілері хабарласып, бәрін реттеп қойғандарын айтты. Уайымдамауымды сұрап, қазір босатылатынын жеткізді. Айыппұл төлесе, мәселе аяқталады деді. Олар контрабандамен айналысып жүрген жоқ қой», – деді Айнұр Бакирова Super басылымына.

Navai не үшін ұсталды?

14 қазанда Астанада өтуі жоспарланған Navai концерті өтпейтіні белгілі болды. Ұйымдастырушылар кешкі уақытқа белгіленген шараның тоқтатылғанын хабарлады.

Сол күні Жамбыл облысында ресейлік рэпердің есірткі контрабандасына күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Navai-дің директоры Рауф Гусанов бұл жағдайға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.

Қазіргі уақытта құзырлы органдар істің мән-жайын толық ашып көрсеткен жоқ.