Әлеумет

Ақтөбеде жүк көліктерінен пара алған инспектор сотталды

Ақтөбе облысында жүк көліктерін тексермей өткізу үшін жүргізушілерден пара алған көлік бақылау инспекциясының бас маманы сотталды. Ол пара мөлшерін 10 мыңнан 15 мың теңгеге дейін көтерген, деп хабарлайды buginmedia.kz.

«Диапазон» басылымының мәліметінше, кәсіпкер Ресейден сатып алған бидайды жүк көліктерімен Ақтөбе облысына тасымалдаған. Тасымал шығындарын қысқарту үшін көліктерге рұқсат етілген мөлшерден артық жүк артқан.

Осы кезде көлік бақылау инспекциясының бас маманы әр жүк көлігінен 10 мың теңгеден алып, олардың салмағын тексермей өткізіп отырған. Соның арқасында кәсіпкер артық жүк тасымалдағаны үшін айыппұл төлеуден жалтарған.

Алайда кейін инспектор пара мөлшерін 15 мың теңгеге дейін өсірген. Осыдан соң кәсіпкер Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағым түсірген. Нәтижесінде шенеунік ұсталып, оған қатысты іс сотқа жеткен.

Тергеу материалдарына сәйкес, инспектор жалпы сомасы 170 мың теңге пара алған. Сот отырысында ол кінәсін толық мойындаған.

Сот үкімімен шенеунікке параның 35 еселенген мөлшерінде, яғни 5 миллион 950 мың теңге айыппұл салынды. Осылайша, ол бас бостандығынан айыру жазасына кесілмей, ақшалай жаза арқалады.