Әлеумет

Астанада inDrive жүргізушісі жолаушыға интимдік ұсыныс жасағаны үшін қамауға алынды

Астанада inDrive такси қызметінің жүргізушісі жолаушыға интимдік сипаттағы ұсыныстар жасағаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Бұл туралы Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2026 жылғы 11 қазанда сағат 07:00 шамасында болған. К. есімді жүргізуші жолаушы Б.-ға әдепсіз әрекеттер жасап, интимдік сипаттағы ұсыныстар айтқан. Сот оның әрекеті қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзғанын анықтады.

Жүргізушінің кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, полиция инспекторының рапортында көрсетілген мәліметтермен, жәбірленушінің түсініктемесімен және өзінің кінәсін мойындаған жауабымен дәлелденген.

Сот жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде жүргізушінің кінәсін мойындауы мен құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын ескерді. Жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық жасағандарға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.

Сот құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескеріп, жүргізушіні 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы қаулы шығарды.