Аймақ

Түркістан облысында үйдің шатырынан 5 млн теңге ақша табылды

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында жеке үйді жөндеу кезінде шатыр астынан 5 миллион теңгеден астам ақша табылды. Ақшаны үй иесіне жөндеу жұмыстарына көмектесіп жүрген тұрғындар тауып, полицияға хабарлаған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Полицияның мәліметінше, жергілікті тұрғындар қарт әйелдің үйін жөндеуге көмектескен. Жұмыс барысында олар шатыр астынан ақша салынған бірнеше пакетті тапқан.

Үй иесі табылған қаражаттың өзіне тиесілі екенін және оны ұзақ уақыт бойы жинағанын айтқан. Алайда полиция ақшаның кімге тиесілі екенін анықтау үшін қажетті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тексеру аяқталғаннан кейін қаражат заңды иесіне қайтарылуы мүмкін.

Құқық қорғау органдары азаматтарға бөтен мүлік немесе ақша тауып алған жағдайда бұл туралы полицияға дереу хабарлау қажеттігін ескертті.