Саясат

Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы қашан өтетіні белгілі болды

Орталық сайлау комиссиясы мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2026 жылғы 29 қарашаға белгіледі. Бұл туралы комиссия өкілі Мұхтар Ерман мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оның айтуынша, мәслихат депутаттары халықтың тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланады.

Алдағы саяси науқан аясында еліміздегі 228 мәслихатқа 3 447 депутатты сайлау көзделген. Оның ішінде 20 облыстық мәслихатқа 668 депутат, 38 қалалық мәслихатқа 626 депутат және 170 аудандық мәслихатқа 2 153 депутат сайланады.

Бұған дейін, 12 қазанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған болатын.

Құжатқа сәйкес, Орталық сайлау комиссиясына кезектен тыс сайлауды тағайындау, сондай-ақ оны дайындау мен өткізуге қатысты ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Жарлық жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, бұған дейін Президент мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі бойынша Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен консультациялар өткізді. Ал 24 қыркүйекте Халық кеңесінің алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардың кезектен тыс сайлауын өткізу туралы жариялаған еді. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл шешім мәслихаттардың кәсіби әрі білікті құрамын қалыптастыруға мүмкіндік беріп, олардың жұмысына жаңа серпін береді.