Әлеумет

Қазақстанда алғаш рет үш ата-ананың қатысуымен сәби дүниеге келді

Алматыдағы PERSONA репродуктивті медицина клиникасында аналық жасушаның ядросын көшіру әдісі арқылы қыз бала дүниеге келді. Бұл туралы медицина ғылымдарының докторы, профессор Алмаз Шарман әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Ғалымның мәліметінше, баланың анасы 43 жаста. Ол төрт жыл бойы экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы жүкті болуға тырысқанымен, нәтиже болмаған. Мұндай жағдайда дәрігерлер көбіне донорлық аналық жасушаны пайдалануды ұсынады. Алайда бұл тәсілде баланың ядролық генетикалық материалы донордан беріледі.

Алматыдағы мамандар басқа технологияны қолданған.

«Қазақстанда алғаш рет аналық жасушаның ядросын ауыстыру арқылы сәби дүниеге келді. Бұл біздің репродуктологтардың үлкен жетістігі. Досым Вячеслав Локшиннің PERSONA клиникасында өмірге келген ерекше қыз бала осыдан аз уақыт бұрын мүмкін емес болып көрінген жетістіктің нәтижесі», — деп жазды Алмаз Шарман.

Ядроны көшіру әдісі қалай жұмыс істейді?

Аналық жасушаның ядросында адамның негізгі генетикалық ақпараты сақталады. Ал жасушаның цитоплазмасында энергия өндіруге қатысатын митохондриялар орналасқан. Әйелдің жасы ұлғайған сайын аналық жасушалардың сапасы төмендеп, эмбрионның дамуына кедергі келуі мүмкін.

Қолданылған технология бойынша ананың аналық жасушасынан ядро алынып, ядросы алдын ала алынған донордың жасушасына көшіріледі. Осылайша, ананың ядролық генетикалық материалы сақталып, донордың митохондриялары пайдаланылады. Кейін жасуша әкенің сперматозоидымен ұрықтандырылып, ЭКҰ процедурасы жалғасады.

«Ғалымдар ананың аналық жасушасынан ядроны алып, оны жас донордың өз ядросы алдын ала алынған жасушасына көшірді. Нәтижесінде ананың гендері мен жас донордың митохондриялары бар жасуша алынды. Одан кейін әкенің қатысуымен әдеттегі ЭКҰ процедурасы жүргізілді», — деп түсіндірді профессор.

Баланың генетикалық материалы кімнен беріледі?

Алмаз Шарманның айтуынша, қыз баланың ДНҚ-сының шамамен 99,9 пайызы ата-анасына тиесілі. Донордан митохондриялардағы генетикалық материал беріледі.

Осыған байланысты мұндай технология кейде «үш ата-анадан туған бала» деп аталады. Алайда баланың негізгі генетикалық ақпаратын қамтитын ядролық ДНҚ биологиялық ата-анасынан беріледі, ал донордың үлесі митохондриялық ДНҚ-мен шектеледі.

Жобаға кімдер қатысты?

Процедураға АҚШ-тың Орегон штатындағы Портленд қаласында жұмыс істейтін профессор Шухрат Миталипов қатысқан. Ол жасуша ядросын көшіру және репродуктивті технологиялар саласындағы зерттеулерімен танымал.

Алмаз Шарманның мәліметінше, Миталипов PERSONA клиникасында эмбриолог-консультант қызметін атқарады. Эмбриологиялық жұмыстарды клиниканың қазақстандық мамандары жүргізген. Жобаның ғылыми жетекшілері — профессорлар Шухрат Миталипов пен Вячеслав Локшин.

«Анасы мен сәбиінің жағдайы жақсы. Қазір тағы бір пациент босануға дайындалып жатыр», — деп жазды Алмаз Шарман.

Жаңа технологияның мүмкіндігі мен шектеуі

Профессор бұл әдісті әзірге эксперименттік технология ретінде қарастыру керектігін атап өтті. Оның айтуынша, тәсіл барлық пациентке бірдей жарамайды, генетикалық ақаулардың барлығын түзетпейді және нәтижеге кепілдік бермейді. Сондықтан қосымша зерттеулер жүргізіп, дүниеге келген балалардың денсаулығын ұзақ уақыт бақылау қажет.

«Бұл әдіс әзірге эксперименттік деңгейде. Ол барлық адамға бірдей жарамайды, генетикалық ақауларды түзетпейді және нәтижеге кепілдік бермейді. Алда ауқымды зерттеулер мен дүниеге келген балалардың денсаулығын ұзақ уақыт бақылау міндеті тұр», — деп жазды профессор.

Алмаз Шарманның жазуынша, Вячеслав Локшин де жаңа технологияға сақтықпен қарау қажет екенін айтқан.

«Біздің міндетіміз — ғажайып нәтиже береміз деп уәде ету емес, дәстүрлі әдістер көмектеспеген жағдайда жаңа мүмкіндіктер іздеу», — деген Локшиннің сөзін келтірді ғалым.

Алмаз Шарман бұл технология ұзақ жылдар бойы сәби сүйе алмай жүрген отбасылар үшін жаңа мүмкіндік болуы мүмкін екенін атап өтті.