Ермек Көшербаев жаңа қызметке тағайындалды
Ермек Көшербаев Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ермек Көшербаев кім?
Ермек Көшербаев 1965 жылғы 2 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 1988 жылы Қазақ мемлекеттік университетін тарих мамандығы бойынша, ал 1993 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын халықаралық қатынастар және сыртқы саясат мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1988 жылы Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінде бастаған. Кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде түрлі қызметтер атқарып, министрдің орынбасары лауазымына дейін көтерілді.
2020–2023 жылдары Қазақстанның Ресейдегі елшісі болды. 2023–2025 жылдары Шығыс Қазақстан облысын басқарды.
2025 жылғы ақпанда Қазақстан премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды. Сол жылдың 26 қыркүйегінде Сыртқы істер министрі қызметіне кірісіп, 2026 жылғы 28 тамызға дейін осы лауазымды атқарды.