ҚМА Перизат Қайраттың туыстарының Дубайдағы пәтерлеріне қатысты мәлімдеме жасады
Анонимді Telegram-арналардың бірінде сотталған Перизат Қайраттың туыстарына Дубайда бірнеше пәтер тиесілі екені туралы ақпарат тарады. Қаржылық мониторинг агенттігі бұл жылжымайтын мүлік қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған болуы мүмкін деген болжамды тексерген, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Алайда агенттік мәліметінше, тексеру барысында бұл болжам расталмаған. Тергеушілер қаржылық операцияларды жан-жақты талдап, жымқырылған ақшаны заңдастыруға қатысты барлық байланысты анықтаған.
Агенттік Перизат Қайраттың қайырымдылыққа жиналған қаражатты иемденіп, оны жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын мәлімдеді. Атап айтқанда, қаражат автокөліктер мен пәтерлер сатып алуға, тұрғын үйлерді жөндеуге және жиһазбен жабдықтауға, қымбат брендтердің киімдері мен әшекей бұйымдарына, бизнес-класпен ұшуға, сәнді қонақүйлерде тұруға, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарына жұмсалған.
"Перизат Қайраттың туыстарының бірімен және оның отбасы мүшелерімен қаржылық есеп айырысу жүргізілгені анықталмаған", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ жарияланымдарда сөз болған жылжымайтын мүлік 2011–2019 жылдары, яғни «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры құрылғанға және Перизат Қайраттың қылмыстық әрекеті басталғанға дейін сатып алынғаны айтылды.
Агенттік мәліметінше, аталған ерлі-зайыптылар 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлік сатып алып, қайта сатумен айналысқан. Олар Перизат Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрған және кәсіпкерлік қызметін дербес жүргізген.
Мүлікті тәркілеуге қандай жағдайда жол беріледі?
Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабына сәйкес, мүлікке қатысты шектеу қою және оны тәркілеу үшін оның қылмыстық жолмен алынғанын растайтын дәлелдер болуы қажет.
Агенттік түсіндірмесінде күдіктімен туыстық байланыстың болуы өздігінен адамды қылмыстық жауапқа тартуға немесе оның мүлкін тәркілеуге негіз болмайтыны атап өтілген.