Әлеумет

Камераға түсіп қалған: Шымкентте оқушы қызға тиіскен мұғалім жеңіл баппан сотталмақ

Шымкентте бірінші сынып оқушысына қатысты күдікке ілінген мұғалімнің ісі қайта қаралады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

HALYQSTAN Telegram арнасының мәліметінше, Шымкенттегі жекеменшік мектептердің бірінде информатика пәнінің мұғалімі кәмелетке толмаған оқушыға қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасады деген күдікке ілінді. Оқиға сыныптағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Алайда 36 жастағы педагог өз кінәсін мойындамай отыр.

Мұғалімге қатысты тергеу ақпан айында басталған. Содан бері күдікті қамауда отыр, бірақ оған қатысты әлі түпкілікті үкім шыққан жоқ.

Оқиға қалай болған?

Жәбірленуші — бірінші сыныпта оқитын қыз. Мәліметке сәйкес, мұғалім сыныпта басқа балалардың көзінше қызды өзіне жақындатып, тізесіне отырғызып, сексуалдық сипаттағы қимылдар жасаған. Бұл әрекеттер бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Қыздың анасы болған жағдайдан хабардар болған соң полицияға жүгініп, сол күнгі бейнежазбаны көрсетуді талап еткен. Әйел бейнежазбаны өзі көріп, қызына қатысты әрекеттерден хабардар болғанын айтады.

Ананың сөзінше, оқиғадан кейін баланың мазасы қашқан. Қыз мектепке баруға қорқып, жиі жылай бастаған, тәбеті де төмендеген. Баланың күйзеліске түсуіне байланысты отбасы психологтың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.

Іс неге қайта қарауға жіберілді?

Қаратау аудандық полиция басқармасы мұғалімнің әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 121-1-бабы — он алты жасқа толмаған адамдарға қатысты сексуалдық сипаттағы тиісу бойынша саралаған.

Алайда, жәбірленушінің анасы тергеу кезінде-ақ істің осы бап бойынша саралануымен келіспейтінін мәлімдеген. Соған қарамастан, іс сотқа осы айыппен жолданған.

Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты істі қарау барысында әрекеттерде Қылмыстық кодекстің 124-бабында көзделген — он алты жасқа толмаған адамдарды азғындық жолға түсіру қылмысының белгілері болуы мүмкін деп тапқан. Осыған байланысты сот істі қосымша тергеуге қайтару туралы шешім қабылдаған.

Бірақ айыпталушы бірінші сатыдағы соттың бұл қаулысына шағым түсірген. Апелляциялық алқа оның шағымын қанағаттандырып, істі тергеуге қайтару туралы қаулының күшін жойған. Осыдан кейін іс қайтадан сот қарауына жіберілген.

Мұғалім қандай жаза алуы мүмкін?

Басылым таратқан мәліметке сәйкес, іс әзірге Қылмыстық кодекстің 121-1-бабы бойынша қаралады. Бұл бап бойынша жаза қоғамдық жұмыстар немесе түзеу жұмыстары түрінде тағайындалуы мүмкін.

Материалда аталған бап бойынша қамауға алу жазасын қолдануға 2027 жылға дейінгі мораторий кедергі болып отырғаны айтылады.

Бұған ұқсас іс бойынша сот үкімі шыққан

Материалда осыған ұқсас тағы бір оқиға да еске салынған. Биыл қыркүйекте Шымкент тұрғыны кәмелетке толмаған қызды азғындық жолға түсіргені үшін 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.

Ол да бастапқыда Қылмыстық кодекстің 121-1-бабы бойынша сотталып, айыппұл алған. Алайда жәбірленуші тараптың адвокаттары араласқаннан және қоғамда резонанс туындағаннан кейін алғашқы сот шешімі жойылып, айыптау Қылмыстық кодекстің 124-бабы бойынша қайта сараланған. Кейін жаңа үкім шығарылып, айыпталушы түрмеге жіберілген.