Аймақ

Астанада бір жыл бұрын тапсырылған G-Park үйінде өрт шықты: тұрғындар бұған дейін де электр мәселесіне шағымданған

Астанадағы G-Park тұрғын үй кешенінде болған өрттен кейін тұрғындар электр жарығының жиі өшетініне және үйдің қауіпсіздігіне қатысты шағымданды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Астанадағы Сарайшық ауданындағы А-52 көшесінде орналасқан 12 қабатты тұрғын үйде өрт шықты. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, бірінші қабаттан тоғызыншы қабатқа дейін созылған шахтадағы электр кабелі жанған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Өрттен кейін G-Park тұрғын үй кешенінің тұрғындары ғимараттағы қауіпсіздік мәселелерін көтерді. Олардың айтуынша, электр жарығының жиі өшуі мен электр қалқандарына қатысты проблемалар өртке дейін де болған.

Тұрғындардың бірі Threads әлеуметтік желісінде өрт сөндіру көлігі үйге ұзақ уақыт жете алмағанын жазды. Оның сөзінше, аулада арнайы техниканың кедергісіз жүруіне мүмкіндік беретін жол жоқ, ал тұрақ мәселесі шешілмеген.

«Тұрақ орындарын неге қарастырмайды? Тығыз құрылыс салуға кім рұқсат береді? Бірдеңе болса, бірден айыппұл салады. Ал көлікті қайда қоямыз? Жан-жағымыздың бәрі үй мен жол», – деп жазды тұрғын.

Басқа тұрғындар электр қалқандарының жағдайына да шағымданған. Олардың айтуынша, үй бір жыл бұрын пайдалануға берілгенімен, электр есептегіштерін орнату жұмыстары жақында ғана жүргізілген.

«Үйде тұрғындардың жартысы да әлі көшіп келмеген, ал электр қалқандары жанып жатыр. Барлығы толық қоныстанғанда не болады? Бірнеше күн бұрын есептегіштерді қалай болса солай қосқан, содан кейін электр қалқандары өртенді», – деп жазды тұрғындардың бірі.

Тағы бір тұрғын құрылыс салушының үйді тиісті жағдайда тапсырмағанын айтып, электр инфрақұрылымына қатысты мәселені көтерді.

«Екі үлкен тұрғын үй бар, бірақ үйлердің пайдалануға берілгеніне бір жыл өтсе де, әлі күнге дейін жеке трансформаторлық қосалқы станция жоқ! Құрылыс салушы өзі басқарушы компанияны тағайындаған, алайда ол іс жүзінде ештеңе істемейді. Электр жарығының үнемі үзілуі тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді», – деп жазды ол.

Тұрғындар құрылыс салушы мен басқарушы компаниядан қалыптасқан жағдайға қатысты түсініктеме беріп, электрмен жабдықтау және қауіпсіздік мәселелерін шешуді талап етіп отыр.