Қазақстанда «Яндекс» такси және курьерлік сервистері істемей қалды
11 қазанда Қазақстанда «Яндекс» компаниясының такси жүргізушілері мен курьерлерге арналған сервистерінде ақау пайда болды. Соның салдарынан пайдаланушылар такси шақырып, тамақ пен тауарларға тапсырыс бере алмай қалды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
«Яндекс Go» баспасөз қызметі сервистердің уақытша қолжетімсіз екенін растады.
«Техникалық мамандарымыз сервистердің жұмысын қалпына келтірумен айналысып жатыр. Әзірге олардың нақты қашан іске қосылатынын айта алмаймыз. Дегенмен қызметтерді мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіру үшін бар күшімізді салып жатырмыз», – деп хабарлады компания.
Сондай-ақ компания өкілдері ақаудың адамдардың күнделікті жоспарына әсер еткенін, ал жүргізушілер мен курьерлердің әдеттегі режимде жұмысын жалғастыруына кедергі келтіргенін атап өтті.
«Бұл жағдай көптеген адамның күнделікті жоспарына әсер еткенін түсінеміз. Ал жүргізушілер мен курьерлер үшін бұл әдеттегі режимде жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылу деген сөз. Қолайсыздыққа тап болған барша адамнан шын жүректен кешірім сұраймыз», – делінген «Яндекс Go» баспасөз қызметінің хабарламасында.
Компания Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істейтінін мәлімдеді.
«Қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері ел аумағындағы серверлерде, сондай-ақ Қазақстан заңнамасына сәйкес тиісті қорғаныс қамтамасыз етілетін юрисдикцияда сақталады. Сонымен қатар цифрлық сервистердің жұмысы бөлінген есептеу инфрақұрылымына негізделген. Яғни жекелеген технологиялық компоненттер әртүрлі елдердегі серверлерде орналасуы мүмкін. Сондықтан олардың біріндегі техникалық ақау бірнеше елдегі сервистердің қолжетімділігіне әсер етуі ықтимал. Сервистердің жұмысы қалпына келгені туралы пайдаланушыларға, жүргізушілер мен курьерлерге ресми арналарымыз арқылы хабарлап отырамыз», – делінген компания хабарламасында.
Бұған дейін Ресейдегі «Яндекс» деректер орталығына жасалған жаңа шабуылдан кейін елдің ірі қалаларында, соның ішінде Мәскеу мен Санкт-Петербургте такси шақыру мүмкін болмай қалғаны хабарланған. Қосымша жұмысына қатысты ақаулар Беларусь пен Арменияда да байқалған.
Ресейлік БАҚ-тың мәліметінше, дрондар Владимир қаласындағы «Яндекс» деректер орталығының инфрақұрылымына, сондай-ақ Рязань облысы мен Калугадағы нысандарға шабуыл жасаған.