Шымкентте Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушы ер адам ұсталды
Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, сатылған билеттер саны концерт алаңының рұқсат етілген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен. Бұл адамдардың шамадан тыс жиналуына әкеліп, көрермендердің қауіпсіздігіне қатер төндірген.
Адамдардың қысылып қалуы салдарынан 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Әлеуметтік желілерде адамдардың қаза болғаны туралы тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қаза болғандар жоқ.
"Концерт ұйымдастырушысы, 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізілуде. Тергеу барысы Шымкент қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында", - делінген хабарламада.
Полиция азаматтарды тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырады және көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске салады.