Талғарда әкесінің зиратынан оралған жігітті үйінің алдында өлтіріп кеткен
Алматы облысының Талғар ауданында 24 жастағы Жанасыл Сәрсенбайды үйінің алдында пышақтап кеткен. Марқұмның туыстарының айтуынша, күдіктілер оны інісімен бірге әкесінің зиратынан қайтып келе жатқанда көлікпен қуған. Бұл туралы КТК телеарнасы жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Марқұмның анасы Алмагүл Нұрғызат ұлының қазасына әлі де сене алмай жүргенін айтқан. Оның сөзінше, Жанасыл жексенбі күні әкесінің қабіріне барып, үйіне қайтып келе жатқанда қайғылы жағдайға тап болған.
«Бір кезде ұлым жүгіріп келіп: “Ағамды пышақтап кетті”, – деді. Киімімді ауыстырып, сыртқа шықтым. Жанасылды көрдім. Ол тізерлеп отыр екен. Құшақтадым. Ауыр дем алып жатқанын естідім. Оны ауруханаға апардық. Бірақ ол жерде ешкім болмады. Содан кейін Жетігендегі ауруханаға бардық. Алайда дәрігерлер кеш қалғанымызды айтты», – дейді анасы.
Оқиға кезінде Жанасылдың інісі де жанында болған. Оның айтуынша, ағасымен бірге әкесінің қабірін тазалап, үйіне қайтып келе жатқанда жолда көлікпен отырған үш жігіт олардың өтуіне кедергі келтірген.
Туыстарының сөзінше, Жанасыл жолды босатуды сұрап, көлік сигналын берген. Алайда қарсы тарап көлігін қозғалтпаған соң, ол бөгеп тұрған көлікті айналып өтіп кеткен. Осыдан кейін үш жігіт ағайынды екеуінің артынан үйіне дейін қуған.
Марқұмның інісі күдіктілердің үйдің алдына келген соң көліктен түсіп, ағасына шабуыл жасағанын айтады.
«Біз үйге тоқтадық. Көлікті үйдің алдына қойдық. Олар да көлігін тоқтатып, сыртқа шықты. Олардың қолында пышақ бар екенін білмедік. Біреуі ағама жақындап, ештеңе айтпастан екі пышақпен ұрды. Содан кейін олар бірден көлікке отырып, қашып кетті. Олар мас болған», – деді ол.
Жанасыл өкпе тұсынан пышақ жарақатын алып, ауруханада көз жұмған. Оның артында бір жастағы екі қызы қалды.
Марқұмның туыстары күдіктілер бұған дейін де ауыл тұрғындарына түнде шабуыл жасап жүргенін мәлімдеген. Олардың айтуынша, ауылда кейбір тұрғындар бұл жігіттерден қорқып, олардан аулақ жүруге тырысқан.
КТК мәліметінше, оқиғаға қатысы бар деген үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қылмыстық іс адам өлтіру және бұзақылық баптары бойынша тергелген. Күдіктілерге 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.