Әлеумет

2027 жылдан бастап жәрдемақы бәріне берілмейді: кімдер төлемнен қағылуы мүмкін?

Қазақстанда 2027 жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау тәртібі өзгереді. Енді бірқатар төлемді алу құқығын анықтау кезінде отбасының немесе жеке адамның әлеуметтік әл-ауқат деңгейі ескеріледі. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Жаңа тәртіп 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Үкімет 10 түрлі мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау, уақытша тоқтату, қайта бастау және тоқтату шарттарын бекітті. Сонымен қатар жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындау тәртібі де жеке қарастырылған. Tengrinews.kz мәліметінше, өзгерістер осы төлемдерге қатысты болады.

Қандай жәрдемақылар жаңа тәртіппен тағайындалады?

Жаңа ережеге енгізілген төлемдер қатарында:

бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақы;

бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы;

көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;

«Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы;

мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;

асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;

арнайы мемлекеттік жәрдемақы;

I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын азаматқа берілетін жәрдемақы;

мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға, асырап алушыға немесе қамқоршыға берілетін жәрдемақы;

арнайы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы бар.

Кімдер жәрдемақыдан айырылуы мүмкін?

2027 жылдан бастап осы тізімдегі жәрдемақыларды тағайындау кезінде азаматтың әлеуметтік әл-ауқаты бағаланады.

Азаматтар әлеуметтік жағдайына қарай бес санаттың біріне жатқызылады:

А санаты – әл-ауқаты жоғары, тұрақты табысы, жылжымайтын мүлкі және басқа да активтері бар адамдар мен отбасылар;

B санаты – тұрақты табысы, баспанасы және салыстырмалы түрде тұрақты қаржылық жағдайы бар ауқатты отбасылар;

C санаты – табысы төмендеу, кредиттері және шектеулі қаржылық мүмкіндігі болуы мүмкін отбасылар;

D санаты – табысы төмен, қарызы немесе жұмысқа орналасуда қиындықтары бар экономикалық тұрғыдан осал отбасылар;

E санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан қиын жағдайдағы отбасылар.

Жоғары A және ауқатты B санатына жатқызылған азаматтарға аталған жәрдемақылар берілмейді. Алайда кейбір санаттарға бұл талап қолданылмайды.

Егер азамат жәрдемақы алып жүріп, кейінгі бағалау нәтижесінде A немесе B санатына жатқызылса, төлем уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Ал адамның немесе отбасының қаржылық жағдайы өзгеріп, қайта бағалау кезінде C, D немесе E санатына өтсе, жәрдемақы қайта тағайындалуы мүмкін. Әлеуметтік әл-ауқат деңгейі ай сайын қайта бағаланады.

Кімдердің жағдайы бағаланбайды?

Жаңа тәртіп барлық азаматқа бірдей қолданылмайды. Үкімет қаулысында жәрдемақыны әлеуметтік әл-ауқатына қарамай алатын бірқатар санат белгіленген.

Оларға:

«Алтын алқа», «Күміс алқа» және заңда көрсетілген басқа да наградалары бар, жасына байланысты зейнетақы алатын көпбалалы аналар;

мүгедектігі бар балалар;

мүгедектігі бойынша жәрдемақы тағайындалған I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар;

ата-анасының екеуінен де айырылған балалар;

Әлеуметтік кодекстің 190-бабында көрсетілген арнайы мемлекеттік жәрдемақының кейбір алушылары;

арнайы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы алушылар жатады.

Азаматтардың қандай деректері тексеріледі?

Жәрдемақы алу үшін кәмелетке толған отбасы мүшелері мен алушы азамат дербес деректерді жинауға, өңдеуге және тексеруге келісім беруі керек.

Мемлекеттік органдар әлеуметтік әл-ауқатты бағалау кезінде:

банктегі шоттар туралы;

банк құпиясына жататын мәліметтерді;

кредит бойынша қарыз көлемін;

ай сайынғы кредит төлемдерін;

мерзімі өткен және қалған қарыздарды тексере алады.

Бұл мәліметтер адамның немесе отбасының әлеуметтік жағдайын анықтау үшін пайдаланылады. Келісім беруден бас тарту жәрдемақыны уақытша тоқтатуға негіз болуы мүмкін. Tengrinews.kz осы талаптарды Үкімет бекіткен жаңа тәртіпке сілтеме жасап хабарлады.

Жәрдемақы тағы қандай жағдайда тоқтатылуы мүмкін?

Жәрдемақының тоқтатылуына әлеуметтік әл-ауқат деңгейінен бөлек басқа да жағдайлар себеп болуы мүмкін.

Олардың қатарында:

азаматтың банк шотында үш ай немесе одан да ұзақ уақыт шығыс операцияларының болмауы;

Қазақстаннан тұрақты тұру үшін шетелге кету;

бас бостандығынан айыру жазасын өтеу;

арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында толық мемлекеттік қамсыздандыруда болу;

кейбір құжаттардың қолданылу мерзімінің аяқталуы;

жәрдемақы тағайындауға әсер еткен жалған мәліметтердің анықталуы бар.

Кейбір жағдайда төлемді тоқтатуға себеп болған жағдай жойылғаннан кейін жәрдемақыны қайта бастауға болады. 

Жаңа тәртіп қашан күшіне енеді?

Жаңа ережелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыла бастайды. Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік қолдауды мұқтаж азаматтарға бағыттауды күшейту көзделіп отырғанын хабарлаған. Министрліктің ресми түсіндірмесінде 2027 жылдан бастап мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуде атаулылық пен мұқтаждық қағидаттары қолданылатыны айтылған.

Сонымен бірге жәрдемақы тағайындау үшін отбасының әл-ауқатын бағалаудың соңғы әдістемесі әлі бекітілмеген. Сондықтан қазіргі жарияланған талаптар бойынша нақты қандай табыс немесе мүлік белгілі бір санатқа жатқызуға әсер ететіні кейін нақтылануы мүмкін