Перизат Қайраттың жақын туыстарынан Дубайда құны 3 млрд теңгеге жуық пәтерлер табылды
Перизат Қайраттың анасының туған ағасының отбасы Дубайдағы жалпы құны шамамен 2,67 млрд теңге ($5,9 млн) болатын элиталық жылжымайтын мүлікке иелік етеді. Бұл туралы «Выход к морю» дерегіне сүйенген buginmedia.kz хабарлайды.
БАӘ-дегі жылжымайтын мүлік тізіліміндегі мәліметке сәйкес, 2020–2022 жылдары Гүлбану Алашбаеваның атына Дубайдағы премиум тұрғын үй кешендерінен жеті пәтер рәсімделген.
Гүлбану Алашбаева — Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаеваның туған ағасы Сабит Алашбаевтың жұбайы.
Туыстарының атына тіркелген жылжымайтын мүлік арасында:
Burj Khalifa (Forte Tower II) – паркингі бар екі бөлмелі пәтер, $878,6 мың;
Vida Dubai Mall Tower II – құны $750 мың және $1,12 млн болатын екі пәтер;
Bellevue Towers – үш бөлмелі апартамент, $735 мың;
Azure Residence – Пальма Джумейрадағы екі пәтер, $1,65 млн;
Harbour Views – Дубай каналына қарайтын пәтер, $780 мың.
Басылымның мәліметінше, Гүлбану және Сабит Алашбаевтар ірі қазақстандық кәсіпкерлер ретінде танылмаған. Олардың атына Астана мен Ақтөбеде екі жеке кәсіпкерлік тіркелген.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды күдіктілердің шетелдегі мүлкі туралы, оның ішінде үшінші тұлғалардың атына рәсімделген активтер жөнінде ақпарат беруге шақырған.
Алайда, аталған Дубайдағы жылжымайтын мүлік сол кездегі қылмыстық іс материалдарына енгізіліп, тәркіленген мүлік қатарында болмаған.
Еске салайық, 2025 жылы Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаева 3,5 млрд теңгені жымқырып, заңдастырды деген айыппен тиісінше 10 және 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Сот барысында Қазақстандағы шамамен 900 млн теңгенің мүлкі тәркіленген. Оның ішінде қымбат көліктер, Астанадағы пәтерлер, люкс брендтердің заттары мен банк шоттарындағы қаражат болған.
Дубайдағы активтерге қатысты жаңа мәліметтер құқық қорғау органдарының назарын аударуы мүмкін.