Луганскідегі соғыс аумағында жүрген 14 қазақстандық елшілікке жеткізіледі
Луганскідегі соғыс аумағында жүрген 14 қазақстандықты 8 қазан сағат 13:00-ге дейін елшілікке жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы майдан аймағында жүрген қазақстандық Айнабек Келдібектің әпкесі Сымбат Еркінбек мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Сымбат Еркінбектің айтуынша, бұл ақпаратты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі хабарлаған.
«Сүйінші, халқым. Бүгін 14 баланы соғыс аумағынан түскі сағат 13:00-ге дейін елшілікке алып кететін болды. Біздің ең алғашқы талабымыз – балаларды соғыс аумағынан әкету болған. Себебі кез келген уақытта оларды соғысқа әкетіп қалуы мүмкін еді», – деп жазды ол.
Ол жағдайға қатысты толық ақпарат кейінірек жарияланатынын айтты.
Бұған дейін Ресейге жұмыс істеуге барған қазақстандық жастардың соғыс аймағында қалып қойғаны белгілі болған. Олар әлеуметтік желіде тараған видеоүндеулерінде көмек сұраған.
Олардың туыстары 7 қазанда Астанадағы Сыртқы істер министрлігінің ғимараты алдына жиналып, жақындарын елге қайтаруды талап еткен.