Аймақ

Шымкентте құдыққа түскен екі жұмысшы көз жұмды

Шымкентте су құбырларын ауыстыру кезінде екі жұмысшы құдыққа түсіп, қаза тапты. Қайғылы оқиға күндіз қала орталығында болған. Бұл туралы 31 арна хабарлады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, жеке компанияда жұмыс істейтін үш адам терең құдыққа түсіп, ұзақ уақыт бойы сыртқа шықпаған. Мұны байқаған әріптестері олардың артынан құдыққа түсіп, жұмысшыларды сыртқа алып шыққан.

Екі жұмысшы оқиға орнында көз жұмды. Ал үшінші адамға медициналық көмек көрсетіліп, кейін үйіне жіберілген. Қаза тапқандардың жасы шамамен 20-22 аралығында болған.

Куәгерлердің айтуынша, жұмысшылар құбыр төсеп жатқан. Оқиға орнына полиция, прокуратура қызметкерлері және басқа да тиісті мамандар келген.

— Ол жерде шұңқыр болды, жұмысшылар құбыр төсеп жатқан. Кейін прокурор мен басқа да қызметкерлер келді. Адамдар жиналып, екі адамның қаза болғанын айтты. Біреуі аман қалды. Мәйіттерді алып шықты. Газға уланып қалған дейді, — деді куәгер.

Шымкент қаласының полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

— Құбыр тарту кезінде жұмысшылардың қаза болуына байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, олар құдық ішінде қалған газдан уланып қалған. Оқиғаның барлық мән-жайы және еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына жауапты тұлғалар анықталуда, — деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазір оқиғаның нақты себептері мен еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына жауапты тұлғалар анықталып жатыр.